Алматыда наубайхана ашылды

06.12.2019 19:21

Нан өнімдерінің 70-тен астам түрін шығаратын наубайханада айына 450 тонна дайын өнім шығару жоспарланып отыр

fgu-radiovetlab.ru

Алматылықтар күніне 500 тоннадан астам нан тұтынады. Ал ел көлемінде ең төмен әлеуметтік нанның бағасы ірі мегаполиске тиесілі. Қазір әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру үшін қала әкімдігі жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Осының аясында алып шаһарда тағы бір жаңа әлеуметтік наубайхана іске қосылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Себебі ас атасы халыққа қолжетімді болуы тиіс. Нан өнімдерінің 70-тен астам түрін шығаратын наубайханада айына 450 тонна дайын өнім шығару жоспарланып отыр. Жаңа кәсіпорын 150 адамды еңбекпен қамтыған.  Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда нан мен ет бағасын көтермеуді тапсырған еді.  

«Біз әрқашан нарықты зерттеп, халыққа қолжетімді бағамен нан өнімдерін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде шаһарымызда нан өндіретін кәсіпорындар жетерлік. Бәсеке жоғары жерде наубайханалар өз өнімдерін сату үшін сапаға және төмен бағаға жұмыс істейді деген сөз. Қазір тұтынушылардың талғамы өте жоғары. Біз әлемнің бірнеше елінде болып нан өндіруші кәсіпорындардың жұмысымен таныстық. Алдағы уақытта халыққа нан өнімдерінің бұрын-соңды кездеспеген түрлерін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді наубайхананың даму жөніндегі директоры Әркен МӘСІМОВ.