Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық қабылдау орталығына күніне 10 мыңнан астам қоңырау түседі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Төтенше жағдай енгелі бұқараны толғандырған сұрақтар көбейген. Карантинде арнайы жұмыс істеп жатқан call-орталық халықты жедел түрде ақпараттандырып отыр. Қалалық жедел штаб жанынан құрылған байланыс орталығына тек қалалықтар ғана емес өзге де облыс тұрғындары да хабарласып жатқан көрінеді.
Қалалық жедел штабтың байланыс орталығы бүгінде халықты түрлі сұрақтар бойынша ақпараттандырып отырады. Жан-жақтан түскен қоңырау үздіксіз.
Бүгінде орталықта 39 оператор төрт ауысыммен дамылсыз жұмыс істеуде. Одан бөлек, халыққа сапалы түсіндірме жасау үшін эпидемиолог мамандар, дәрігерлер мен психологтар тартылған. Мұндағылар алғаш төтенше жағдай енгізілген кезде халықтан бір аптада 107 мың қоңырау келіп түскендігін айтады.
«Біз қалалық штабтан жедел түрде керекті ақпарат алып отырамыз. Оны дер кезінде операторларымызға түсіндіреміз. Бастапқыда кейбір сұрақтарға не дерімізді білмеген сәттер болды. Сондай кездерде қалалық штаб мәселені шешу үшін тез арада керекті мәліметті беріп отырды. Бізге қаладан бөлек облыс халқы да хабарласады. Мәселен, кешеден бері Ақтөбе, Шымкент сияқты қалалардан хабарласып жатқан азаматтар бар. Әрине, біз олардың барлығын өзіне тиесілі штабтарға бағыттап отырамыз», – деді «Қалалық дамыту орталығы» қоғамдық коммуникация департаментінің директоры Әлия ЖАҚСАЛЫҚОВА.
ГРАФИКА – 1. Халықтың жиі қоятын сұрақтар қатарында: алғашқы аптада тұрғындардан азаматтардың жүріп-тұруы мен тауарларды тасымалдау, мекемелер мен қоғамдық орындардың жұмысы мен дезинфекциялық жұмыстар туралы мәселелер болған.
ГРАФИКА – 2. Ал соңғы аптада тұрғындарды азық-түлікке, жәрдемақы мен жұмысқа орналасу жөніндегі сұрақтар толғандырған. Сауалдардың көптігінен желі қоңырауларды бір уақытта қабылдай алмай қалады.
ГРАФИКА –3. Сондықтан мамандар жұрт өз сұрағын орталықтың әлеуметтік желілеріне жіберуіне болатынын айтады. Ғаламтордан келген сауалдармен бөлек жұмыс істейтін операторлар да қарастырылған. Олар түскен сұрақты керекті органға бағыттап отырады.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы