Күндізгі сағат 16:04-те басталған өрт 16:39-да толық сөндірілген
Шымкентте көпқабатты үйлердің бірінен өрт шығып, 2,3 және 4-қабаттарда электр торабы мен электр есептегіштер өртенген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, тілсіз жау күндізгі сағат 16:04-те 11-шағынауданда орын алған. Оқиға орнынан өрт сөндірушілер 22 адамды қауіпсіз жерге эвакуациялады, оның ішінде 10 бала бар.
«Оқиға орнына алғашқы өрт сөндірушілер 13 минут ішінде жетті. Жалынды сөндіруге 14 адамнан тұратын жеке құрама мен 4 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, оқиға орнында Жедел жәрдем қызметкерлері де дер кезінде келіп жетті. Тілсіз жау сағат 16.34-те ауыздықталып, сағат 16.39-да толық сөндірілді. Өрт сөндірушілер 76 жастағы ер адам мен 36 жастағы әйелді және екі жасар бүлдіршінді құтқарып қалды» делінген хабарламада.
Тілсіз жаудан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталуда.