Мемлекеттік бас прокуратураның «қылмыстық картасындағы» Әуезов ауданында орналасқан №13 үй қаладағы ең қауіпті үй деп көрсетілген. Неге десеңіз, 2019 жылы мұнда 200-ден аса қылмыс орын алған, ал 2020 жылдың алғашқы аптасында-ақ 24 құқық бұзушылық тіркелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыдағы қылмыстың ең жоғарғы деңгейлері көрсетілген ең қауіпті бұл үй Жұбанов пен Саин көшелерінің қиылысында оналасқан. Жай қарағанда қарапайым көпқабатты үй секілді. Шын мәнісінде, мұнда 1 жылдың ішінде 233 қылымыс жасалған. Бұрындары бұл үй - мақта фабрикасы жұмыскерлерінің жатақханасы болған екен. Осы орайда, құқық бұзушылықтың көбі пәтерді жалға алатын тұрғындар тарапынан орын алады дейді тұрғындар.
«Өңшең пәтер жалдаушылар тұрады. Үй иелері пәтерлерін жалға беріп қояды. Ал, онда нашақор ма, террорист пе, жеңіл жүрістілер тұрады ма, шаруалары жоқ. Ақшасын алса болды».
«Көбінесе, алқаштар, нашақорлар тұратын. Жалпы душқа түсіп жүрген кезде, тоқылдатпай кіріп кететін кездері болған. Бірде тіпті, аяғы ауыр келіншек суға түсіп жатқан кезде, видеоға түсіріп, қарап тұрыпты», - деді бір тұрғын.
Қазіргі уақытта бұл үйдің жай-күйі де мәз емес. Аулада қаңғырған иттер қаптап, айнала қоқысқа толған. Сыртқа жайылған киімдер мен далаға тоңазытылуға шығарылған азықтар - Кеңестік уақытыттағы үйлерді еріксіз еске түсіреді. Жыл бойына бұл үйде ұрлық пен алаяқтықтық, тонаушылық және есірткі заттарын заңсыз сақтаулар орын алған. Ал, 1-қабаттағы терезелердің бәрінде орнатылған темір қоршаулар - тұрғындардың қауіпсіздік үшін алаңдауының бір бейнесі.
«Бұл масқара сұмдық. Ұрлық көп. Айнала қоқысқа тола. Бөтелкелер жатады, біреулер бір түрлі дәрілерді ішімдікпен ішіп жатады. Сөзім жоқ», – деді бір тұрғын.
«Былтырлар ұрлық көп болған. Бәріне тор қойылған. Тіпті, шындап келгенде, торлар да ұрлыққа тосқауыл бола алмайды», - дейді бір тұрғын.
Сондай-ақ, бұл көпқабатты үйдің маңында сауда үйі, перзентхана, Алматы құрылыс-техникалық колледжі орналасқан. Әсіресе, түнгі уақытта белгісіз жандар үй маңында көп серуендейтін көрінеді. Дүкендердегі ұрлық-қарлық та ауыздалмай тұр.
13-үйдегі дүкендердің бірінде төлемақы терминалын кіре берістегі темірге дәнекерлеп тастаған. Дүкен иесінің мұндай іс-әрекетке баруына - бірнеше апта бұрын ғана көрші дүкендегі дәл осындай төлемақы терминалын белгісіз біреулердің алып кетуі түрткі болған.
Абырой болғанда, осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін мұнда аудандық полиция бөлімшесі жұмыс жасайды екен. Біздің түсірілім тобы полиция қызметкерлерінен мән-жайды білу үшін, учаскеге де барған болатынбыз.
Бұл 13-үйдің жанында орналасқан номері 33 учаскелік полиция пункті. Мұнда жұмыс уақыты сағат таңғы 9-дан кешкі 10-ға дейін деп көрсетілген. Ал, дәл қазіргі уақыт сағат түскі 12:12-ні көрсетіп тұр. Біз есікті тоқылдатқанда, бізге есікті ешкім аша қоймады.
Тұрғындар өздерін құқықбұзушылықтан қорғау мақсатында бейнекамералар мен темір есіктер орнатуды сұрағанымен, әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Тәртіп сақшылары да кейде уақытылы орнында болмай қалады екен. Арада біраз уақыт өткен соң, тәртіп инспекторы осы мәселе бойынша аудандық жиында болғанын айтып, бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын алға тартты.
«Біздің ауданда 24 500 адам тұрады. Олардың ішінде 133-і тіркеуге алынғандар, мерзімінен бұрын босатылғандар бар, ішімдікке салынғандар, кәмелет жасқа толмаған балаларға бұзақылық көрсеткен үшін тіркеуге алынғандар да тұрады. Ал, №13 үйде 270 адам тұрып жатыр, оның біреуі ғана ішімдікке салынған маскүнем әйел. Бұл жерде инспектор болғаныма 8 жыл болды, ондай көп қылмыс тіркелмеген», – дейді Әуезов ауданы полиция басқармасының №33 учаскелік полиция инспекторы Бақытжан ӘЛІМБЕРГЕН.
Ал қалалық полиция департаменті құқықтық картадағы ақпаратта қате кеткен деп есептейді. Шын мәнінде, аудандағы қылмыс саны аталғандай көп еместігін ескереді.
«2019 жылы жоғарыда аталған мекен-жай бойынша 11 қылмыс тіркелді, оның ішінде 8-і басқа біреудің мүлкін ұрлау, 1 тонау және 2 алаяқтық. Ауыр және аса ауыр қылмыстар тіркелмеген. Жоғарыда келтірілген статистикалық мәліметтерге келер болсақ, қазіргі уақытта алдын-ала тексеру барысында техникалық қателіктің орын алғаны анықталды. Жақын арада дерекқорға түзету енгізіледі», – деді Полиция департаментінің өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Қалалық полиция департаменті бұл жағдайдың анық-қанығын мәлімдегенімен, 13-ші үйдің тұрғындарын ауладағы басқа да - беті ашық шұңқырлар, балалар алаңының ескіріп кеткені секілді мәселелер алаңдатады. Сонда да, мұнда жиі орын алатын заңсыздықтарға пәтерлерді жалға алушылар кінәлі ме әлде 13-ші үйдің қарғыс атқаны ма? Қандай болғанда да, аудан әкімдігі бұл мәселелерді ықтиятты қарастырғаны абзал.
Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы.