БҰҰ Қазақстаннан волонтер қабылдайды

03.02.2024 19:22

Келісімшартпен Кения, Таиланд және Түркиядағы БҰҰ-ның әртүрлі құрылымдық бөлімшелеріне жолданады

elements.envato.com

Біріккен Ұлттар Ұйымының "Еріктілер" бағдарламасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен БҰҰ-на халықаралық еріктілерді қабылдауы туралы хабарлайды.Волонтерлер ұзарту мүмкіндігі бар 1 жылдық келісімшартпен Кения, Таиланд және Түркиядағы БҰҰ-ның әртүрлі құрылымдық бөлімшелеріне жолданады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап. Өтініш берушілердің тәжірибесі мен жасына байланысты жастар және мамандар санатындағы 7 түрлі ұсыныс қолжетімді. Волонтерлерді іріктеу бойынша барлық рәсімдер БҰҰЕ регламентіне сәйкес 14 ақпанды қоса алғанда жүзеге асады.

2019 жылы ҚР үкіметі мен БҰҰ Еріктілер бағдарламасы арасында қазақстандық волонтерлердің БҰҰ халықаралық волонтерлері ретінде қатысуын көздейтін келісім жасалған. Бағдарлама әлемдегі тұрақты даму мәселелерін шешуде және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде БҰҰ жүйесінің бір бөлігі ретінде, қазақстандық еріктілердің халықаралық әріптестерімен білім және тәжірибе алмасу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін құрылған.

Осы уақыт ішінде 7 қазақстандық БҰҰ құрылымының әртүрлі бөлімшесінде өздерінің волонтерлық қызметін жүзеге асырды. Келісімшарттары аяқталғаннан кейін 6 қазақстандық ерікті БҰҰ-ның дүние жүзіндегі бөлімшелерінде жұмыс істеуге шақырылды.

Толық ақпаратты мына сілтемеден және БҰҰ-ның unv.kazakhstan ресми парақшасынан білуге болады.


Оқи отырыңыз: Дүниежүзілік көшпенділер додасына 100-ден аса елдің спортшысы қатысады