Елімізде алқабилердің қатысуымен қаралатын істер санаты көбейеді

15.12.2022 19:22

Оларға қылмыстың тағы 13 түрі бойынша үкім шығару мүмкіндігі беріліп отыр

aikyn.kz

Елімізде келер жылдан бастап алқабилердің қатысуымен қаралатын істер санаты көбейеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оларға қылмыстың тағы 13 түрі бойынша үкім шығару мүмкіндігі беріліп отыр. Жаңа заң жобасы Сенат қабырғасында қолдау тапты. Алқабилер соты 44 құрам бойынша іс қарайды. Бұл қатарда адамның дене мүшелерін заңсыз алу, азаптау, рейдерлік әрекеттер мен мас жүргізуші кесірінен адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғалары бар.

«2023 жылы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 2019 жылғы 27 желтоқсандағы заңмен алқабилер сотының соттылығы тағы 6 құрамға көбейтілді. Осылайша келесі жылдың бірінші қаңтарынан бастап алқабилер қатысуымен аса ауыр қылмыстық істің 31 құрамы қаралады», – деді Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов.


Сенат қабырғасындағы жиында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин де сөз алды. Ол келер жылдан бастап төтеншеліктердің жалақысы өсетінін мәлімдеді. Өз өмірін қатерге тігіп, күрделі төтенше жағдайды жойғаны үшін өрт сөндірушілерге қосымша ақы төленетінін атап өтті. Бұл қызметкердің лауазымдық жалақысына байланысты берілмек.

«Қазір қызметке жаңадан келген қызметкердің ең төменгі лауазымдық жалақысы шамамен 110 мың теңге. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны 10 пайыздан 70 пайызға дейін арттыру қарастырылған», – деді ҚР ТЖМ Юрий Ильин.

Келер жылдан бастап Парламент жұмысының регламентінде де өзгерістер болады. Алдағы дүйсенбі Парламент палаталарының бірлескен отырысында осы мәселе кеңінен талқыланбақ. Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев мәлімдеді. Енді төменгі палата, яғни Мәжіліс заңдарды қабылдайды. Ал Сенат тек мақұлдайды.

«Бұл – палаталар арасындағы қарым-қатынасты реттейтін ішкі құжат. Енді осы процестерді оңтайландырамыз. Заңдарды қарау процесі де жеделдетіледі. Осыған байланысты регламент өзгеруі керек. Осы құжатты қабылдау нәтижесінде Парламент жұмысына өзгерістер енгізіледі. Мәселелер Паламент палаталарының күн тәрбіне шығарылады. Құжатты қабылдау арқылы ішкі процедураларымызды Конституциялық реформаға сәйкестендіреміз», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев .

Бұл ретте Сенат төрағасы биылғы референдумда Конституцияға Парламенттің қос палатасы арасындағы қатынастарды реттейтін нормалар енгізілгенін атап өтті.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы