Айтуынша, қант бағасы бір келісіне 450 теңгеден аспайды
Қазақстан енді өз-өзін қантпен жүз пайыз қамтамасыз етеді. Бұл туралы вице-премьер – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, елімізде 18,8%-ке жеткен инфляцияға ең көп үлесті қант (75%) қосқан. Қанттың қымбаттауына көптеген фактор әсер етті, соның ішінде Ресейдің экспортты тоқтатуы да бар.
Қант тапшылығына жол бермес үшін үкімет биыл әрбір өңірді отандық қант зауыттарының біріне бекітіп берген. Енді әрбір өңір айналым қаражатын өзін қантпен қамтамасыз етуге бағыттауға тиіс.
"Биыл біз елімізді жүз пайыз өзіміздің қантпен қамтамасыз етеміз. Иә, ол құрақ қант болады, себебі әзірге қызылша жеткіліксіз, бірақ бұл өзіміздің қант болады. Енді қант тапшылығы болмайды", - деп сендірді Жұманғарин үкімет кулуарында.
Айтуынша, қант бағасы бір келісіне 450 теңгеден аспайды.
Еске салсақ, биыл жазда Қазақстанда қант тапшылығына байланысты дүрбелең туды. Өңірлерде тұрғындар арасында қантқа талас басталды. Өнім бағасы аспандап кетті. Бөлшек сауда дүкендерінде қанттың бір келісі мың теңгеге дейін жеткен.