Қаңтар оқиғасы: Қанша адамға рақымшылық жасалады

03.11.2022 19:22

Президент «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Almaty.tv

Елге қасірет әкелген Қаңтар оқиғасында түрмеге қамалған 102 адамға рақымшылық жасалуы мүмкін. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, жаза арқалағандардың қылмысы ауыр санатқа жатпаса, бостандыққа жіберілуі мүмкін. Бірқатар іс әлі де тергеу органдарының өндірісінде екен. Ауыр және аса ауыр қылмыс бойынша алдын ала тергеу толығымен жүргізіледі.  Айта кетсек, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Құжатқа сәйкес, 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінеді.

«Рақымшылыққа ілінген азаматтардың нақты қашан, қай кезде босап шығатынын айта алмаймыз. Өйткені әлі де тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Іс сотқа жіберіледі, онда қаралады және тек үкім шығарылған кезде ғана сот рақымшылық актісін қолданады. Заңда уәкілетті органдар рақымшылықты орындау үшін 6 ай ішінде барлық ұйымдастыру іс-шарасын қабылдауы керек деген норма бар. Барлығы заң тәртібі негізінде іске асады», – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шыңдалиев.