Қарағандыда аударылған батутта қаза тапқан баланың ісі қаралуда

30.10.2019 19:22

Қайғылы жағдай биылғы жылдың 25 мамырында болған еді

Қарағандылық сот үрмелі батуттан мерт болған бала жөніндегі істі қарап жатыр. Айыпталушылар орындығында – өрт сөндіру бөлімінің экс-басшысы мен оның жұбайы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар Қылмыстық кодекстің қауіпсіздік талаптарына жауап бермейтін, өлімге әкеп соққан қызмет көрсету бабы бойынша айыпталып отыр.

Анықталғаны, батут өрт сөндірушінің әйелінің атына тіркелген жеке кәсіпкерлігінің балансында болған.

Айта кетейік, қайғылы жағдай биылғы жылдың 25 мамырында Қарағанды қаласының орталық саябағында орын алған болатын. Қатты дауылдан аударылған батут 12 жасар баланың үстіне құлап, опат қылған еді. Тағы екі бала жансақтау бөліміне жеткізілген.