«ҚазТАГ»-тан бастау алып, қазіргі «ҚазАқпарат» аталғанға дейінгі кезеңде агенттік үлкен даму жолынан өтті
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің ұжымын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Сіздерді «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің 100 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Аға буынға етене таныс болған «ҚазТАГ»-тан бастау алып, қазіргі «ҚазАқпарат» аталғанға дейінгі кезеңде агенттік үлкен даму жолынан өтті. Талай тарихи оқиғаларды, әсіресе, тәуелсіздіктің шежіресін түзуде ерекше еңбек сіңірді.
Елбасының барлық бастамаларын, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуы «ҚазАқпарат» таспасында үнемі көрініс тауып отырды. Сондықтан ғасыр жасаған агенттіктің мемлекеттік саясатты насихаттау тұрғысынан ел дамуына қосқан үлесі зор. Шынайы жаңалықты жұртшылыққа жедел жеткізетін «ҚазАқпарат» халықаралық аренада да ел имиджін қалыптастыруға да атсалысып келеді.
Қазақстанның басты ақпарат агенттігінде қызмет етіп жүрген журналистер қашанда жоғары марапатқа лайық деп санаймын. Ұжым қызметкерлері мен агенттіктің ардагерлеріне зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Жағымды жаңалық көп болсын!" – делінген Президент құттықтауында.