Біріккен ұлттар ұйымының ғимаратында 10-нан астам мемлекет өкілдері жиналды
Бүгін Алматыда Біріккен ұлттар ұйымының ғимаратында мемлекеттік қызметкерлердің білімдері мен біліктіліктерін, көшбасшылық қабілеттерін арттыру мақсатын талқылауға 10-нан астам мемлекет өкілдері жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әр елдің өкілдері өздерінің тұрақты даму мақсаттары бойынша тәжірбиелерімен бөлісті. Ал, Әлихан Байменов Қазақстандағы тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін сапалы мемлекеттік басқарудың маңызына тоқталып өтті.
«Мемлекеттік басқарудың сапасы өте маңызды рөл атқарады. Себебі 17 мақсаттың барлығын үйлестіруші Ұлттық Үкіметтер болып табылса, сол Ұлттық Үкіметтердің жұмыс сапасы бұл мемлекеттік қызметшілердің біліктілігімен де анықталады. Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін біз мемлекеттік қызметшілердің де біліктілігін арттырып, оларға осы мақсаттардың бір-бірімен байланысын түсіндіруіміз керек», – дейді Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан БАЙМЕНОВ.
Мақсат – 2030 жылға дейін мемлекеттік басқару орындары мен институттарында тұрақты даму мәселесінің оңтайлы жолдарын қарастыру. Семинарға қатысушылар мемлекеттік басқару оқу орындарының өзекті мәселелерін, оларды трансформациялау жолы мен инновациялық көшбасшылығы жайында ой бөлісті. Ал, мемлекеттік басқару саласындағы озық тәжірибемен Голландия, АҚШ, БАӘ және басқа да елдерден келген сарапшылар пікір алмасты.
«2015 жылы Нью-Йоркте жалпы әлем мемлекеттері бірігіп, тұрақты даму мақсаттары бойынша бірдей шешімге келген болатын. Сол жиынға барлығы 190 мемлекет қыметкерлері қатысып, тұрақты даму мақсаттарын қабылдаған. Әйтсе де, бір кішкене түсініспеушілік бар көрінеді. Себебі, мемлекеттер буыны бұл жүзеге асырылуы тиіс міндеттерді тек БҰҰ-ның ғана мақсаттары деп есептейді де, өздеріне қатысы жоқ деп санайды екен. Сондықтан да, біз осы мәселені мемлекеттерге тереңірек түсіндіріп, талқылап беруіміз қажет», – дейді БҰҰ Даму бағдарламасының қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп БЕРИШ.
Шара барысында бұл алаң қатысушылар арасында жан-жақты пікір алмасу, инновациялық идеяларды жеткізу және жаңа әріптестікке жол ашуға мол мүмкіндік берері сөзсіз. Бұл жиынның ортақ мақсаты - тұақты даму мақсаттарын жүзеге асыруды қолдауда мемлекеттік қызметкерлер әлеуетін арттыру, мемлекеттік басқару институттарының дамуы жайлы ақпарат алмасу. Осы мақсатта Айгүл Көшербаева ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында негізгі жұмыстар да жасалып жатқанын алға тартты.
«Біздің академияда бірнеше әдейі арналып отырған институт бар. Онда кәдімгідей курстар, тренингтар өткізіліп отырады. Осы мемлекеттік қыметшілердің құзыреттілігін көтеретін жолдарын тауып отырмыз», – деді ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Айгүл КӨШЕРБАЕВА.
Бүкіл адамзаттың көздеген жақсы мақсаттарына жетуі үшін БҰҰ-ның ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан 3 күндік халықаралық семинар әлі де жалғасын таба бермек. Айта кетелік, семинар барысы халыққа қызмет көрсету Орталығының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қолдауымен өткізілді.
Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.