Алматыда жаңа автоХҚКО ашылады

13.08.2019 19:33

Жаңа фронт-офистер халық көп шоғырланған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ашылады

Елімізде үш мегаполисте жаңа халыққа қызмет көрсететін орталықтар ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева бұл туралы Facebook-тегі парақшасында жазды.  Жаңа фронт-офистер халық көп шоғырланған Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ашылады.

«Мегаполистердегі халықтың өсуі жедел шаралардың қабылдануын талап етеді. Жарты жылдың өзінде Алматы мен Нұр-Сұлтан шаһарларында ғана 3,5 млн қызмет көрсетілген. Тамыз айының соңына дейін біз астанамыз бен Алматыда қосымша бір-бір халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашатын боламыз. Оған қоса, Алматы қаласындағы Алатау ауданындағы ХҚКО бір айлық үзілістен кейін қайтадан өз қызметін жандандырды», – деп жазды Әсемгүл Балташева.

Оған қоса, еліміздегі мамандандырылған ХҚКО саны артатын болады. Мәселен, Алматы қаласында алтыншы автоХҚКО ашылса, оған жақын жатқан Талғар және Қарасай аудандарында тағы бір-бір орталық іске қосылады.

Әсемгүл Балташеваның айтуынша, жаңа орталықтар тамыз, қыркүйек аралығында ашылады.

«Ең үлкен көлік базары осы мегаполисте, жақын жатқан облыс тұрғындары сонда барып көліктерін сатып, жаңасын алып, тіркеу рәсімдерін де сонда жасатады. Жарты жыл ішінде Қазақстанда көлік секторы бойынша көрсетілген қызмет саны 1,5 млн жуық болса, оның 24 пайызы Алматыға тиесілі», – деп атап өтті Ә.Балташева.

Оған қоса жазбада Шымкент қаласында да мамандандырылған ХҚКО іске қосылады делінген. Осылайша, бұл шаһарда қыркүйек айынан бастап 3 автоХҚКО қызмет көрсете бастайды.

Бүгінде Қазақстанда 328 фронт-офис жұмыс істейді, көрсетілетін қызмет түрлеріне қарай олар ХҚКО, цифрлықХҚКО, көші-қон ХҚКО-сы, мамандандырылған ХҚКО-лар болып жіктеледі. Жыл басынан бері алты ай ішінде онда қазақстандықтарға 15 млн қызмет көрсетілген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев азаматтарға қызмет алу кезінде барынша ыңғайлы жағдай жасау үшін жаңа ХҚКО-ларды, әсіресе, мамандандырылған ХҚКО-ларды ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырған болатын.