Әрі қарай ол аталған әдістің бірінші рет Батыста анықталғанын жеткізді
Парламент мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық мәселесі туралы айтып, премьер-министр Асқар Мамин мен бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Stan.kz.
«Қазақстанның бүгінгі басты проблемасы сыбайлас жемқорлықпен байланысты. Ол экономиканы құрдымға кетіріп, бизнеске кедергі болады. Сондай-ақ, бай мен кедей арасын одан әрі алшақтата түседі әрі қоғамда әлеуметтік шиеленістер көп болады. Global Financial Integrity халықаралық сарапшыларының мәліметінше, Қазақстаннан офшорларға 160 млрд доллардан астам ақша заңсыз шығарылған.
Жалпақ тілмен айтқанда жемқорлар ұрлаған қаржы Қазақстанның тәуелсіздік жылдары мұнай сатудан тапқан қаражатынан екі есе көп. Сол себепті осы уақытқа дейін ұрланған ақшаны қайтару ғана емес, шетелге заңсыз капитал шығарудың алдын алу керек. Жемқорлар ұрланған қаржыны шетелде жасырып үлгеріп жатыр. Олар сотталған соң, араға 1-1,5 жыл салып, мерзімнен бұрын бостандыққа шығады. Сондай-ақ, жасырған капиталына оңай қол жеткізеді. Азаматтар бұл қаражатты адал еңбегімен ешқашан таба алмайтын еді», - дейді депутат мәжіліс отырысында.
Әрі қарай ол аталған әдістің бірінші рет Батыста анықталғанын жеткізді. Мысалы, Американың бірнеше штатында парамен ұсталып сотталғандар 10-15 жылға бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, оларды мерзімінен бұрын босатуға рұқсат жоқ. Жуырда осындай ереже Беларусь елінде енгізілді. Ресейдің Мемлекеттік Думасында да осындай заң жобасы әзірленіп жатыр.