Қазір 203 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан
Премьер-министр Әлихан Смайылов жұмыссыздарға бос жұмыс орындары туралы электронды хабарламалар жіберу мәселесін пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол биыл Ұлттық жобаларды іске асыру аясында 269 мыңнан аса жұмыс орны құрылуға тиіс екенін атап өтті. Қазір 203 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Алайда 175 мыңы – уақытша жұмыс.
"Біз тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге күш салуымыз керек. Ол үшін цифрлық технологияларға сүйену маңызды. Мемлекеттік органдардың жүйелерін толық интеграциялай отырып, жұмыспен қамту сервистерінің барлығын цифрландыру қажет", - деді Смайылов үкімет отырысында.
Отбасының цифрлық картасы, Электронды еңбек биржасы мен Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасын біріктіргеннен кейін, жұмыссыз жүргендерге электронды хабарламалар арқылы вакансиялар ұсынуға болады, деп жалғастырды сөзін премьер.
"Жұмыссыздарға өтініш жазбай-ақ бос жұмыс орындарын ұсыну маңызды. Мұндай қызметтерді смартфон арқылы қолжетімді ету қажет", - деді үкімет басшысы.
Смайылов президенттің тапсырмасымен мемлекеттік органдар мен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы жаңа жұмыс орындарын құру бойынша KPI көрсеткіші негізінде бағаланатынын еске салды.
Сондай-ақ ол жастарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдері мен механизмдерін енгізуге ерекше назар аударуды тапсырды.
"Жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жас шығады. Олардың жұмыс тәжірибесі жоқ, сондықтан жастарға бірінші кезекте жұмысқа орналасуға көмектесу керек", - деді премьер-министр.
Смайылов тиісті министрліктерге еңбек адамының оң имиджін қалыптастыруды тапсырды.