Көпір жоқ: Жаңаарқа ауданының тұрғындары пойыздың астынан өтуге мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Құрылыс компаниясы жоба құнына өзгерту енгізіп, жергілікті билікті сотқа берген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауданының тұрғындары 20 жылдан бері бір көпірге жарымай отыр. Арғы бетке өтер жолдың жоқтығынан азаматтар пойыз астынан өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Жаңаарқа ауданының орталығы саналатын Атасу кенті. Шойын жолдың арғы жағында тұратын қараша күн сайын осылай пойыздың астынан өтуге мәжбүр. Қанша жерден қауіпті десек те, азаматтардың басқа амалы жоқ. Өйткені жұмыс пен мектепке асығар көпшіліктің басқа барар бағыты қалмаған. Өкініштісі, жолдан өтемін деп жүріп, өмірден өтіп кеткендер де бар.  

– Он бірінші сыныптың баласы қарындасын мектепке апарамын деп екі аяғынан айырылып отыр. Менің бауырым үйіне асығып бара жатып, екі аяғынан айырылды. Дүйсен деген көршіміз пойыздың астына түсіп, көз жұмды. Зардап шеккен, мерт болған адам көп, – деді  Жаңаарқа ауданының тұрғыны Қызғалдақ Демесінова.

Халықтың айқай-шуынан соң аудан әкімдігі былтыр «көпір салып береміз» деп уәде берген. Құрылыс жүргізетін мердігер де анықталған. Бірақ 6 қазық қаққан құрылыс компаниясы 56 млн теңгені алып, артынша жұмыс тоқтаған.

– Сұмдық... Ақша бөлінді, қайда кетті? Балалар сабақтан келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз, – деді Жаңаарқа ауданының тұрғыны Аманбала Разхымова.

Ал аудан басшылығы мердігерге о баста ақша беріліп, жұмыстың басталғанын, алайда бар істің аяқ асты тоқтап қалғанын мойындап отыр. Тіпті құрылыс компаниясы жоба құнына өзгерту енгізіп, жергілікті билікті сотқа берген.

– Негізі жұмысты аяқтау – міндетіміз. Өйткені нысан халыққа керек. Биыл құрылысы басталды. Алдағы уақытта нысанның салуына бар күшімізді саламыз, – деді  Жаңаарқа ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Ибраев.

Айта кетейік, сот шешімімен мердігер компанияның жергілікті билікке деген шағымы қанағаттандырылды. Енді тұрғындар талабы орындалуы үшін бастапқы жобаның құны 224 млн теңгеге өзгеретін болды. Ал көзделген сома аудандық бюджеттен биыл бөлінетін болса, халық жылдар бойы күткен көпірге қол жеткізбек.

Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Ұлытау облысы

Оқи отырыңыз: Алматыда қанша адам банкрот болғаны белгілі болды

Новости партнеров