Үлескерлер қаржыландырған әрбір екінші пәтер жасырын схемалар бойынша сатылады. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, тексеру парақтарының болмауына байланысты үлескерлердің қаражатын әкімдіктердің рұқсатынсыз жаппай тарту мәселесі бар. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті бақылау болмай отыр. Үкімет отырысында Президент тапсырмасына сай халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында тағы қандай жұмыстар жүргізіледі?
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының айтуы бойынша, құрылыс кезінде үлескерлердің қаражатын тартуға үш тәсілдің бірімен рұқсат етіледі. Біріншіден, қазақстандық тұрғын үй компаниясында бірыңғай оператор кепілдігі болуы керек. Одан соң екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысу тәсілі кезінде әкімдік рұқсаты қажет. Каркас тұрғызылғаннан кейін де әкімдік рұқсаты міндетті. Құрылысты бірінші тәсілмен ұйымдастыру кезінде бір құрылыс салушыға Бірыңғай оператордың кепілдік лимиті 50 млрд теңгеден аспайды. Ал ірі құрылыс салушылардың бірінің құрылыс көлемі шамамен 250 млрд теңгені құрайды. Бұл көзделген лимиттен 5 есе артық.
«Екінші деңгейдегі банктермен несиелендіру бойынша екінші тәсіл каркас тұрғызылғаннан кейін ғана жұмыс істейді. Бұл құрылыс салушылардың өз қаражаты есебінен құрылыстың 30 пайызын құрайды. Осылайша, агенттіктің талдау деректері бойынша, 2021 жылы жеке құрылыс ұйымдары салған 7,5 млн шаршы метр тұрғын үйдің 27 пайызы өз қаражаты есебінен және 26 пайызы заңнамада көзделген рұқсаттарды алғаннан кейін салынған», - деді ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар Үкімет отырысында нарықтағы монополияны болдырмау үшін сатып алуға қатысу лимиті белгіленгені айтылды. Осы жылдан бастап тікелей сатып алудың тағы 6 негізі Заңнан алынып тасталған.
«Бұдан басқа, 2023 жылдан бастап өмірлік цикл құнын пайдалана отырып, сатып алудың жаңа тәсілі енгізілетін болады. Бұл да сапалы тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға ықпал етеді. Тапсырыс берушілерге қоғамдық бақылауды және сатып алуды жүзеге асыру сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың тиімділік рейтингін жүргізу және оны жариялау ұсынылады», - деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.
Президент тапсырмасына сай, шетелге заңсыз шығарылған қаражатты және онда сатып алынған активтерді қайтару бойынша бүгінгі таңда ақпарат алмасу бөлігінде халықаралық ынтымақтастықта құқықтық база дайындалған. Ал Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров халықтың әл-ауқатын жақсартуға кедергі келтіретін негізгі себептерді жою 4 бағытта жүргізілетінін жеткізді.
«Олар: Халықтың еңбек қызметінен түсетін табыстарын арттыру; кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстарды арттыру; жоғары өнімді жұмыс орындарын құру; жұмыс күшінің дағдыларын арттыру. Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу аясында әр түрлі делдалдар мен монополиялық операторлардың комиссиялары мен тарифтерін төлеу бойынша халықтың қосымша шығыстарын қысқарту жөніндегі шаралар пысықталуда», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Бұдан бөлек, жанар-жағармай нарығындағы өнімсіз делдалдардың санын азайту жоспарлануда. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында оларды коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде жеке топқа бөлу практикасы енгізілетін болады. Ал майнинг компанияларға электр энергиясының неғұрлым жоғары тарифі бекітілмек. Сондай-ақ ақпан айының соңына дейін утиль алым мөлшерлемесі белгіленеді.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы