Алматыда «Рухани жаңғыру: қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі» атты конференция өтті

06.09.2019 19:24

Қазақ тілі бүкіл қазақстандықтардың ортақ тілі  мәртебесіне ие болатын  уақыт жетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын талқылаған филолог ғалымдар  осылай  деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Президент жолдауындағы айтылған тапсырмаларды орындау үшін  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары  ауқымды жұмыс атқармақ.  «Рухани жаңғыру: қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға  келген ғалымдардың сөзінше  зерттеулер жасалып, өзгеге мемлекеттік тілді үйретудің үгіт насихатынан бөлек ана тілімізді тез меңгерудің әдістемелері де шығуы тиіс. Ондаған жылдан бері айтылып келе жатқан қазақ тілінің өзекті мәселелері шешілсе ғана  ұлтаралық тіл ретінде биікке  көтеріліп, жалпыхалықтық қолданысқа ие болады.

«Бұл жолдауда экономикалық-әлеуметтік мәселелермен қатар қазақ елінің, қазақ халқының рухани дүниесіне көңіл бөлінген. Бүкіл қазақ халқы үшін маңызды нәрсенің бірі – жолдаудағы мемлекеттік тіл туралы мәселе. Халықаралық тілге айналу жөніндегі бастама  бұл сол айтылған идеялардың жалғасы деп білуге болады», – деді  А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты  директорының  орынбасары Сәрсенбай ҚҰЛМАНОВ.