Анна Поздееваның айтуынша, жастар бұл әрекеті арқылы әлеуметтік желіде жақсы көрінуге тырысады
Әлеуметтік желіге тараған видео бірнеше миллион қаралым жинады. Жастардың арасында үлкендерге тосын сый жасау трендке айналып барады. Мұндай құбылысқа келгенде әлеуметтанушылар мен психологтардың пікірі екіге бөлінді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақтаудағы мектептердің бірінде мұғалімді жұмыстан шығарғанын естіген оқушылар, ойын ашық білдіріп, ұстазын қайтаруды талап еткен. Көзіне жас алған педагогты қарсы алып, оған гүл ұстатқан тәлімгерлерді әлеуметтік желіде қолданушылар артты. Күзетшіні туған күнімен құттықтаған студенттердің видеосы да желіде желдей есті. Қошеметке бөленді.
Ал психолог Анна Поздеева жастардың мұндай әрекеті жақсы екенін айтты. Бірақ бозбалалар мен бойжеткендердің түпкі мақсаты – әлеуметтік желіде жақсы көріну. Онымен қоса, кішігірім пиар жасау болуы мүмкін деп есептейді.
– Мұндай тенденцияның екі жағы бар. Жақсылық жасап, оны әлеуметтік желіге салса, бұл жерде көпке танылу, қоғам алдында жақсы көріну элементтері бар. Пиар жасаудың қадамы анық көрініп тұр. Екінші жағынан, егер жақсылықты жариялай жасаса, онда әңгіме басқа. Менің ойымша, қазір жастарымыз көбіне әлеуметтік желіде өмір сүреді. Сондағы аудитория үшін түрлі қадамға барады. Сондықтан өзге адамды қуантып, оны желіге жүктеу бүгінде әдеттегі нәрсеге айналды, – деді психолог Анна Поздеева.
Ал әлеуметтанушы Аяулым Сағымбаева «бұрынғы жастар мен қазіргі жастардың айырмашылығы өте көп» дейді. Бүгінгі жасөспірімдерде қорқу, жасқану деген сезім байқалмайды. Сондықтан олар белсенді және патриот болады. Маманның айтуынша, жақсылық жасап, оны желіге жүктеу – заман талабына сай құбылыс.
– Жастар арасындағы эмпатия көбейген. Ерекшелену – жастарға тән құбылыстардың бірі, – деді әлеуметтанушы Аяулым Сағымбаева.
Жастар түрлі әлеуметтік зерттеу жүргізіп, қоғамның пікірін жариялап жатыр. Мәселен, «Зорлық-зомбылыққа қарсы болсаң, мені құшақта», «Қауіпсіз қоғам» сынды науқандарды жиі ұйымдастырады. Жастар өкілінің айтуынша, мұндай акциялар жасампаздық үшін емес, шын ниетпен жасалады.
– Еліміздегі жастардың алдына қойған мақсаты бар. Олар мотивация іздейді. Қоғамдағы кез келген жағлдайда олар өте белсенді. Былтыр өрт болған Абай облысына, Қостанайға еріктілер бардық, – деді белсенді жас Сұлтан Аллабергенов.
Әлеуметтанушылардың айтуынша, жастардың әрекетке бет бұрып, оны трендке айналдыру құбылысын тоқтатып тастамай, керісінше қолдау маңызды. Мамандар жақсылық жасап оны әлеуметтік желіге жүктеуді танымалдылықты арттыру үшін ғана жасалған әркет деп қабылдамаған дұрыс екенін айтты.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Елімізде студенттер тұратын хостелдерге талап күшейеді