Екібастұзда жеке сектордағы 29 үйде әлі жылу жоқ

12.12.2022 19:24

Екібастұздықтарға көмек көрсету жұмысы әлі жалғасып жатыр

Almaty.tv

Екібастұзда жеке сектордағы 29 үйде әлі жылу жоқ. Қазір осы аумақтағы ақауды жою үшін 200 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы шаһар басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айтуынша, көпқабатты үйлерге түгел жылу берілген. Бірақ қала ішіндегі желілерде жылумен қамту әлі де біркелкі емес, - деді қала әкімі. Сондай-ақ, апатқа байланысты электр қуатын шамадан тыс пайдаланған 49 мыңға жуық тұрғынға өтемақы беріледі. Қаржы абоненттердің жеке есеп шотына жіберілмек. Ал апаттан зардап шеккен отбасылардың баспаналарында жөндеу жұмысы жүргізілмек.

«29 жер үй қалды. Осылар бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта 158 адам жұмыс істеп жатыр. Келесі алдымыздағы мәселе - жылу желілерінің балансын реттеу. Бұл өте маңызды. Себебі бізде тиісті жылуға қол жеткізе алмай отырған үйлер бар. Әлеуметтік нысандар да бар. Температуралық параметр ол жерде төмен», – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Екібастұздықтарға көмек көрсету жұмысы әлі жалғасып жатыр. Апаттан зардап шеккен отбасы балаларына «АМАНАТ» партиясы демалыс ұйымдастырмақ. Түркістан қаласына жіберу де жоспарланыпты.

«Біз зардап шеккен отбасы балаларына қолдау білдіруді қолға алып жатырмыз. Ол үшін мектеп жасындағы 1000-нан астам оқушыға республикамыздағы әртүрлі демалыс үйлеріне, шипажайларға жібереміз. Соның ішінде Түркістандағы да демалыс орындарына да жіберу жоспарланған», – деді AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.