Елімізде жұмысшылардың құқығын қорғауға қатысты жаңа нормалар енгізілді

02.02.2023 19:24

Бұл құжат еңбек дауларын реттеу және келіссөз процестерін ұйымдастыру мәселесі бойынша елдің заңнамасын жетілдіру үшін әзірленді

elements.envato.com

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» Заң мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл құжат еңбек дауларын реттеу және келіссөз процестерін ұйымдастыру мәселесі бойынша елдің заңнамасын жетілдіру үшін әзірленді. Жаңа түзетулер келісім комиссиясының қызметіне, ұжымдық еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін нақтылауға, жиналыстар немесе ескерту ереуілдері өткізілуі мүмкін жағдайға және басқа да тиісті жайттарға қатысты мәселені қамтиды.

«Аталған Заң аясында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және «Кәсіптік одақтар туралы» Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Заңның негізгі мақсаты – еңбек жанжалдарын реттеу және келіссөздер процесін ұйымдастыру мәселесі бойынша заңнаманы жетілдіру. Заңда келісу комиссияларын қалыптастыру және Еңбек төрелігін құру тәртібін, олардың қызметін жетілдіру көзделген. Осы орайда еңбек дауларын қарау мерзімдері қысқартылды, келіссөздер процесін ұйымдастыру, талаптарды тұжырымдау және ұсыну рәсімдерін жеңілдетті, кәсіптік одақтардың рөлі күшейтілді. Бұл өз кезегінде құқықтық саладағы еңбек жанжалдарын шешуге ықпал етеді деп сенеміз», – деді сенатор Ақмарал Әлназарова

Оның айтуынша, заңды қабылдау теріс және өзге де жағымсыз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбев Мемлекет басшысы еңбек дауларына қатысты құқықтық қатынастарды қосымша реттеу мәселесін бірнеше рет көтергенін еске салды.

«Соған сәйкес әзірленген бұл заң осы саладағы отандық заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жалпы, дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін қолдану – құқықтық саясатты дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы заң арқылы жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі қайта қаралады. Сондай-ақ келісу және татуластыру комиссиясының мәртебесі күшейе түседі. Алдағы уақытта жаңа нормалар жұмысшылардың құқықтарын қосымша қорғауға және еңбек дауларын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Сенат төрағасы.