Нұр-Сұлтан қаласында Кеңес Одағының екі мәрте батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдинов ескерткішінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алып мүсін қаһарман бабамыздың атындағы көшеге қойылды. Ескерткіш қоладан және граниттен жасалған. Авторлары – мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиев.
Қаһарманының ерлігіне құрмет ретінде мүсін қоладан құйылған. Бұл батырға бас қалада жасалған бірінші ескерткіш. Айтулы шараға қатысқан Талғат Бигелдиновтің қыздары Галина және Райхан бұл күн майдангердің туыстары үшін де, барша қазақстандықтар үшін де қуанышты күн екенін айтты.
«Қазақстан бойынша конкурс жарияланған болатын. Мүсінді сол арнайы конкурстан ұтып алды. Осы мүсінді жасаған топ бірінші болып ұтты. Көріп тұрғандарыңыздай, мүсіннің бетінде өте әдемі жасап шыққан. Соныман қатар, алғашқы уақытта мүсінді қоятын орын басқа жерде болды. Бірақ осы жерге ауыстырыпты. Мен ойымша, бұл жер әлдеқайда жақсы. Себебі бұл Бигелдинов даңғылы ғой», – деді Талғат Бигелдиновтің қызы Галина Талғатқызы.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов соғыс жылдары ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен 305 рет аспанға көтерілді. Батылдығы мен ерлігі үшін Ленин, Қызыл Ту, Александр Невский, Қызыл Жұлдыз, III дәрежелі Даңқ, I және II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды, екі рет Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
«Ол курс майданында жетекшілік атқарады 24 атқышты алып. Ол жасы үлкен, шені үлкен әскери адамдардың барлығы да Талғаттың бұйрығына бағынуды тапсырады. Себебі үлкен жорықтарда кескілескен майданда Талғат жасаған шабуылдан ешқандай өзінің ұшқыштары шығынсыз оралатын болған», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл.
«Осы Ұлы жеңіс қарсаңындағы ескерткішіміз барша қазақ жұрты үшін қайырлы құтты болсын. Заманымыз тыныш, еліміз аман болсын... Бұл енді Елбасымыз және Мемлекет басшысының тапсырысы бойынша жасалып жатқан дүние. Бұл мүсін Қазақстан халқына атақты талай-талай ескерткіш жасаған Нұрлан Далбай атты мүсіншінің еңбегі», – деді қалалық мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан Әлімжанов.
Ол соғыстан кейінгі жылдары әскери және азаматтық авиация саласында жұмыс істеді, қоғамдық қызметпен айналысты. Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты мен Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебіне батырдың есімі берілген. Аталған оқу орындарының аумағында әйгілі ұшқыштың ескерткіштері тұр.
Қаламқас Нысанбай, Нұрлан Өтеген, Ринат Утеев, «Алматы» арнасы