Шұғыл шара барысында, Қорғас-Алматы тас жолындағы Шелек ауылының маңында полиция қызметкерлері 22 мен 25 жас аралығындағы үш жігіт мінген неміс көлігін тоқтатқан. Бұған дейін олар Еңбекшіқазақ ауданындағы жеке үйлер мен пәтерлерге бірнеше мәрте ұрлыққа түсті деп күдікке ілінген болатын. Қылмыстық топты әшкерелеу үшін полиция екі ай бойы жедел іс-шаралар өткізіпті. Құрықтау кезінде күдіктілерден 16 калибрлі аңшы мылтығы, сондай-ақ пневматикалық тапанша табылып, тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, көліктің жасырын қуысынан шамамен 2 келі марихуана табылған. Ұсталғандар Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды. Бүгінде олардың сегіз бірдей ұрлыққа қатысты екендігі дәлелденген. Қазір қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.