Елімізде 89 мыңнан астам азамат ішімдікке салынып, есепке алынған

Елімізде 89 мыңнан астам азамат ішімдікке салынып, есепке алынған
20 мыңға жуық қазақстандық есірткінің шырмауынан шыға алмай келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда ащы суға тәуелділер қатары көбейе бастаған. Биыл 89 мыңнан астам азамат ішімдікке салынып, есепке алыныпты. Тағы 20 мыңға жуық қазақстандық есірткінің шырмауынан шыға алмай келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тентек судың кесірінен тентіреп кеткендердің бірі – Нұрлан Қауышбаев. Орда бұзар отызға жеткенінде ащы судың арбауынан шыға алмай қалған. Ішімдік ішемін деп арынан да, қолдағы барынан да айырылыпты. Отбасынан да алыстап кеткен. Енді өзекті өртейтіні - жалғыз өкініш. Ол тезірек қатарға қосылып, қалыпты өмірге қайта оралуды қалайды.

«Проблема көбейді. Күнде емес. Аз-аздап қосылып кетті. Ендігі жоспарым осында тезірек сауығып шығып, жаңа өмір бастасам ба деймін. Таза өмір. Жаңа өмір бастасам», – деді қала тұрғыны Нұрлан Қауышбаев.

Азамат Жалмағамбетовтің  ішімдікке салынғанына 8 жыл болыпты. Қазір жасы 38-де. Бала тәрбиелеп, отбасы қорғаны болар шақта, өзіне қорған іздеп, орталыққа келіпті.

«Тәуелді болып қалдым. Жастықтың буымен қыдырдым, жүрдім. Сол алаңсыз күндер мені арақпен дос етті. Қазір қатты өкінем. Бәріне кеш, әрине. Қатарластарымда бала –шаға, отбасы бар. Мен әлі үйленбедім. Жастығым арақпен кетті», – деді қала тұрғыны Азамат Жалмағамбетов.

Қос азаматтан бөлек, бұл орталықта қазір 40-тан аса адам ем қабылдап жатыр. Көпшілігі –  есірткіге есі кеткендер. Ішкі Істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл олардың қатары көбейіпті. Қазақстан бойынша 19 мың есірткіге тәуелді азамат есепте тұр. Оның 2500-і әйел, 94-і жасөспірім. Тіркеудегілердің басым бөлігі 14 пен 25 жас аралығындағылар.

«Бүгінгі таңда негізгі 7 оңалту, әр өңірде бөлімшесі бар. Бірақ осы Жол картасы бойынша өткен жылғы өңірлерде 3 этапты әлеуметтік оңалту емдеу шарасы бар. Ол толыққанды. Ең алдымен дәрі –дәрмек емдеу бөлімшесінде болады, екінші оңалту бөлімшесінде қаралады. Теория ретінде алынған тәжірибені практикада қалай қолдану керегін көрсетеді», – деді ҚР ДСМ республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының аға дәрігері Мәди Тоқанов.

«Спирттің сойылымен тағдырын талқан еткендердің психикасы бұзылады» дейді психолог дәрігер. Сәл қиындық көрсе, жұбанышын араққа, есірткіге айырбастай салуды ойлайды. Үзіліссіз тұтынудың арты – тәуелділікке дұшар етеді.

«Есірткіге, ішімдікке салынып кеткендердің көбінің психикасы бұзылады. Себебі көп, әрине. Біреуі күйзелісті жеңе алмай жатады. Өміріндегі қиындықтан шаршап, қажыйды. Олар оңай жұбаныш іздеп кетеді. Содан араққа немесе есірткіге әуестік басталады. Олар өз күштерімен тастай алмайды. Арнайы маманның бақылауында болуы керек», – деді психотерапевт Динара Ермекқызы.

Әлемдік статистикаға көз салсақ, өз-өзіне қол салатындардың 62 пайызы маскүнемдер екен. Мамандардың айтуынша, алкогольден аузы босамайтындардың науқастанып, ерте өлу көрсеткіші өзгелерден 10 пайыз жоғары.

Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров