Ұшақ апатынан қаза тапқан дәрігер Арман Исина Нұр-Сұлтанда жерленді

29.12.2019 19:26

50 жасында опат болған дәрігердің артында бір қызы мен үш жасар ұлы қалды

Жаназаға марқұмның тума-туыстары, дос-жарандары мен әріптестері жиналды. Қайғы жұтқан отбасыға еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та барды. 50 жасында опат болған азаматшаның артында қызы мен үш жасар ұлы қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Арман Исина жайлы жақындары мен әріптестері көздері жасқа, көңілдері мұңға толып  естелік айтты. Қазақстан кәсіби дәрігер, адамгершілігі мол адамнан айырылғанын жеткізеді.

«Арманмен студенттік кезден таныспыз. Өте ашық, ақжарқын, адамгершілігі мол жан болатын. Мықты дәрігер. Акушер-гинеколог. Ол еліміздегі ана өлімінің деңгейін қалайда төмендетемін деп көп шыр-пыр болды. Осы бағытта көп еңбектеніп, қанатты жобасын да жасап шығарды. Бәріне көмектескісі келіп тұратын. Жаны жәнатта болсын. Ол мәңгі біздің жүрегімізде қалады»,  - деді  А. Исинаның құрбысы Аида САТЫБАЛДИНА.

Арман Исина еліміздегі «Ауруларды басқару» бағдарламасын енгізу бойынша Ұлттық жаттықтырушы болған. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек мамандарына созылмалы инфекциялық емес ауруға шалдыққан пациенттерді халықаралық талаптарға сәйкес емдеу тәсілдерін үйретіп жүрген еді. Осы уақытқа дейін ол Нұр-Сұлтан қаласының №10 емханасында ауруларды басқару бағдарламасы бойынша үйлестіруші болып істеген.

«Әріптес болдық. Өте белсенді еді. Маман ретінде керемет. Өте жастай кеткені қабырғаны қайыстырады. Қазақстанға берері мол еді. Отбасын қалай жақсы көрді?! Артында кіп-кішкентай, небәрі үш жасар ұлы қалып отыр», - деді А. Исинаның әріптесі Зәуре СӘДУАҚАСОВА.

Қабырғасы қайысқан қаралы отбасының қайғысын бөлісуге келген ел-жұрттың саны көп болды. Жаназаға еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов та келді.

Атап өту керек, көз жұмған Арман Исинаның жанында ұшақта болған әріптесі Салтанат Мұқышева ауыр халде жатыр.