16 қаңтар басталған шара 22-іне дейін жалғасады.
Қазақстандық суретшілер дүйім елді бағасы қымбат шетелдік туындыларды емес, отандық картиналарды сатып алуға шақырады. Бұл шабытты шарықтатып, өнер саласын дамытуға сеп болады дейді олар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сөздерінше, біздің суретшілер көп жағдайда туындыларын өткізе алмай әуре болады. Ал еліміздің өнер саласына жаны ашығандар Алматыда ауқымды жәрмеңке өткізді. Онда 25-тен астам суретші 100-ден астам туындыны сатылымға қойған. 16 қаңтар басталған шара 22-іне дейін жалғасады. Одан түскен қаражат шеберлердің тағы да жаңа жұмыстар бастауына жол ашады дейді ұйымдастырушылар.
«Шетелдік жұмыстарды алғанды жақсы көреді. Бірақ біздің суретшілер ешқандай да кемде кем емес шетелдік суретшілерден. Және өте де биік деп айтуға болады өнерлері. Сондықтан, қазақстандықтарды шақырамын осы Қазақстанның өнерін қолдап, кішкене де болса да бізге материальный жағдайдан көмектеседі. Сен ол сатқан суретке мысалы байып та кетпейсің. Жаңадан холст материал алып, суретшілердің қайтадан өнерін жаңғыртуға, қайтадан жұмыс жазуына мүмкіндік жасай алады», – деді суретші Мөлдір САҒЫНДЫҚОВА.
«Көрмеде түрлі жанрда, түрлі техникамен салынған суреттерді көруге болады. Басты мақсатымыз - біздің де отандық суретшілердің жұмысын халыққа етене жақын таныстыру. Жәрмеңкеге болашағынан зор үміт күтетін жас мамандармен қатар мәдениет саласының майталмандары да қатысты. Шараның аясында олар да тәжірибе алмасып, сөйлесуге мүмкіндік алады», – деді көрменің ұйымдастырушысы Тоғжан СӘТПАЕВА.