Полиция департаменті әлеуметтік желіде тараған роликке қатысты түсініктеме беріп, оқиғаның астанада емес, басқа қалада болғанын хабарлады, деп жазды Sputnik.
Желіде әйелдің тұрғын үй кіреберісінде кішкентай баланы ұрлап әкетпек болғаны түсіп қалған ролик тарады.
Видеоны желі қолданушыларының бірі жариялаған. Белгісіз әйел баланың артынан тұрғын үй кіреберісіне жүгіре кіріп, бүлдіршінді сөзге тартып, кейін сөмкесін тартып алған. Біраздан кейін кадрда тағы бір әйел, ер адам және полиция қызметкері көрінеді.
Астананың Полиция департаменті желіде тараған роликке қатысты түсініктеме беріп, оқиғаның Нұр-Сұлтанда емес, Қызылордада болғанын мәлімдеді. Департамент заңда жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Белгілі болғандай, оқиға 16 мамыр күні шамамен 20:40-та Қызылорда қаласында болған.
«Тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде мас әйел кәмелетке толмаған баланың сөмкесін ұрлап әкетпек болды. Алайда көп ұзамай осы үйдің тұрғындары оны қолға түсірді», - деп хабарлады Қызылорда Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы 1-тармағы және 24-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.