Зейнетақы жинағына қатысты ақпаратты 1418 нөміріне хабарласып, білуге болады
Елімізде алаяқтардың қармағына бухгалтерлер іліге бастады. Әккілер өздерін БЖЗҚ қызметкері ретінде таныстырып, сол қордағы қаржыға қол сала бастаған. Салымшылардың жылдап жиған-тергенін белгілі бір шотқа аударуды талап етіп жатқан көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алаяқтар үшін қазір қолдағы телефон мол табыстың көзі болып тұр. Соңғы уақытта олар жеке компаниялардың бухгалтеріне қоңырау шалып, айласын асыра бастаған. Өзіндерін БЖЗҚ қызметкері ретінде таныстырып, сол ұйымда жұмыс істейтін қызметкердің зейнетақы шоты бұғатталғанын айтып сендіреді. Артынша, сол мекемедегі бірнеше адамның зейнетақы жарналары бойынша үлкен қарызы бар екенін айтады. Ойындағы соманы есепші аудармаса, компанияға шаш етектен шығын келеді деп қорқытатын көрінеді.
– Бір нәрсені білген жөн. Бізде салық пен міндетті төлемдерді төлеу мерзімі бар. Сондықтан төлем жасауды, салықтық қарызды ай сайын өтеу қажет. Ал зейнетақы жарналарын төлеудің толықтығы мен уақытылы жүргізілуін қор емес, салық органдары бақылайды. Бұл бухгалтерлердің қатысуынсыз жүргізілуі керек, – деді Қазақстанның кәсіби бухгалтерлер және аудиторлар қауымдастығының бас директоры Лейла Нұрахметова.
Алаяқтардың айласы іске аспаған жағдайда, олар есепші мамандарды әкімшілік айыппұлмен қорқытатын көрінеді. Ал БЖЗҚ өкілдері азаматтарға алданып қалмау керек екенін ескертеді. Себебі қор қызметкерлері салымшыларына қаражатын белгілі бір шотқа аударуды талап ете алмайды. Мұндай жағдай бола қалса, дереу құзырлы органдарға жүгінуге кеңес береді.
– Айта кетсек, БЖЗҚ қызметі – зейнетақы шоттарының есебін жүргізу және азаматтарға ақыл-кеңес беру. Сондықтан біздің қордың мамандары жарналарды бір шоттан екінші шотқа аудару керек, ал басқа жолын атып, кеңес бере алмайды, – деді «БЖЗҚ» АҚ Астана қалалық филиалының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов.
Құзырлы органдар да қазір елде оңай олжаға дәніккендердің саны сиремей тұрғанын алға тартады. Олардың қулығына төтеп беретін жалғыз тәсіл – әзірге азаматтардың сауаттылығы. Алаяқтардың арбауына түсіп қалмас үшін қор мамандары зейнетақы жинақтары бойынша қандай да бір сауал туындаса, 1418 нөмірі арқылы хабарласып, білуге болатынын айтады.
Камшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Жол ақысы қымбаттауы мүмкін: алматылықтардың пікірі қандай