"Бақытты отбасы" орталығы Қазақстан еріктілер лигасымен тығыз байланыс орнатпақ

27.02.2020 19:27

Орталық биылғы жылдан бастап жаңа форматта жұмыс істей бастады

Наурызбай ауданына қарасты «Бақытты отбасы» орталығы бұдан былай «Қазақстанның еріктілер лигасымен» тығыз байланыс орнатпақ, деп хабарлайды Almaty.tv. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсететін орын биылғы жылдан бастап жаңа форматта жұмыс істей бастады. Алматыдағы орталық осылайша былтырғы жылы атқарылған жұмыстарын пысықтады. Олар қиын жағдайға тап болған отбасына дер кезінде қол ұшын созып, олардың кәсіпкерлігін алға ілгерілету және балаларын оқыту, дамыту ісін мақсат тұтып отыр.

«Бұл орталықтың қажеттілігін көп адам біле бермейді. Тек әлеуметтік жағынан қол ұшын беріп қана қоймай, түпкілікті анализ жасаймыз. Бізде тек көпбалалылар ғана емес, аз қамтылған отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар, жалғысбасты аналар бар.  Солардың барлығының жағдайын ескеріп, бөліскіміз келіп еді», – дейді «Бақытты отбасы» орталығының үйлестірушісі  Нагигүл БЕЙСЕМБИНА.