Бәрін басқарған сол: Денистің отбасының адвокаты сотталушы жүкті әйелге 20 жыл сұрады

16.01.2019 19:27

Жанар Толыбаева жоғары білімді, бірнеше тіл меңгерген, өмірде алдына қойған мақсаты бар, жігіттерді қылмысқа итермелеген сол, деп санайды адвокат

Қаза тапқан Денис Теннің отбасының адвокаты Нұрлан Үстеміров соттан үшінші күдікті Жанар Толыбаеваны да 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Алматы қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты сот процесі әрі қарай жалғасуда.

Бұдан бұрын прокурор Толыбаеваны төрт жылға бас бостандығынан айырып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесіне қамауды сұраған болатын.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрлан Үстеміров екі жақтың жарыссөзі кезінде сотталушы әйелді бас бостандығынан айыру мерзімін 20 жылға дейін созу туралы өтініш берді.

«Соттан оның жүктілігіне қарамастан 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын. Жігіттерді басқарған сол. Жоғары білімді. Өмірде алдына қойған мақсаты бар. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Арман Құдайбергенов ұрлықпен тапқанын ішіп қоятын, ал Қиясов ағасы мен отбасының ықпалында болды», — деп мәлімдеді Үстеміров.

Бұған дейін Құдайбергенов Толыбаеваның құрсағындағы сәби өзінікі екенін хабарлаған болатын.

Сот отырыстарының бірінде Денис Теннің анасы Толыбаеваның нөміріне Еуропадан «біртүрлі» қоңыраулар соғылғаны туралы айтқан. Оксана Тен соттан қоңырауларды тексеруді сұрады.

2014 жылғы Олимпиаданың мәнерлеп сырғанаудан қола жүлдегері Денис Тен былтыр 19 шілдеде көлік ұрыларының қолынан ажал құшты. Ол 25 жаста еді. Спортшы көлігінің айнасын шешіп жатқан екі жігіттің үстінен түсіп, оларды ұстауға тырысады. Жанжал кезінде ұрылардың бірі мәнерлеп сырғанаушыға пышақ сұғып алған. Денис Тен көп қан жоғалтып, ауруханада көз жұмды.

Денис Теннің өліміне үш адам айыпталды: Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов — қарақшылық және кісі өлтіру баптары бойынша, ал Жанар Толыбаева — ұрлық және қылмысты хабарламау. Тергеу барысында белгілі болғандай, Нұралы Қиясов Денис Тенге пышақ салған, Арман Құдайбергенов айналарды шешкен. Жанар Толыбаева қылмыс болған жерге жақын маңда болыпты.

Денис Теннің анасы ұлын тапсырыспен өлтіргенін алға тартып отыр. Жігіттер ешкімді өлтіруді жоспарламағанын айтып, ақша үшін ұрлыққа барғанын мойындады.

Оксана Тен сонымен бірге екі полицейді де қызметтегі әрекетсіздігі мен салғырттығы үшін жауапқа тартуды сұрады.

Прокурор Құдайбергенов пен Қиясовты 20 жыл қатаң тәртіпті колонияға қамауға алуды сұрады, ал Толыбаеваны – 4 жылға орташа қауіпсіздік колониясына. Алайда жәбірленушілер қылмысты ұйымдастырған Толыбаева деп айыптап, оны да 20 жылға соттауды талап етіп отыр.