Алматы әуежайы 9 миллионыншы жолаушысын салтанатпен күтіп алды

 Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңа әуежай терминалының құрылысы 80 пайыз аяқталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Халықаралық Алматы әуежайы 9 миллионыншы жолаушысын салтанатты түрде қарсы алды. Рейстен түскен бойда оған құрмет көрсетіліп, әуежай басшылығы сыйлық табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астана қаласының тұрғыны Марат Нұралин отбасымен бірге күтпеген тосынсыйға тап болды. Алматыға арнайы мерейтойға келген оны әуежай басшылығы салтанатты түрде күтіп алды. Сәттілік серік болған жолаушыға Түркияның Бодрум қаласына екі адамға демалыс жолдамасы сыйға берілді.

– Шынымды айтсам, отбасымыз үшін күтпеген тосынсый болды. Ұшақ Алматыға келіп қонған соң, қызметкерлер бізден күте тұруымызды сұрады. Отбасымызбен аздап шошып кеттік. Тексеру кезінде қателіктер болды ма деп ойладық. Ұшақпен жиі ұшамын. Алматыға өткен аптада келіп кеткенмін. Өте қуаныштымыз, – деді жолаушы Марат Нұралин.

– Дубайда бірнеше рет демалдық. Түркияға бармадық. Бүгін жолдама алдық, қуаныштымыз, – деді жолаушы Гүлнар Нұралина.

Қазір әуежай айлағында жаңа терминалдың құрылысы жүріп жатыр. Онда жолаушыларға көрсетілетін қызмет түрінің бәрі де автоматты жүйеге ауыспақ. Тіпті шетелге шығар кездегі паспорттық бақылау пунктінде де қызметкерлер отырмайды. Процесс электронды гейт арқылы жүзеге асырылады.

– Жаңа терминал жұмысын бастаса жолаушылар саны 9 пайызға артады деп жоспарлап отырмыз. 800 жаңа жұмыс орны құрылады. Жаңа әуежай тек халықаралық рейстерге, ал қолданыстағы терминал ішкі рейстерге қызмет көрсетеді. Ескі әуежайға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді де ойлап отырмыз. Қазір инвестицияға қатысты келіссөз жасалып жатыр, – деді Алматы халықаралық әуежайының президенті Алып Ер Тунга Ерсой. 

Жаңа әуежай терминалы алдағы жылдың жаз мезгілінде пайдалануға беріледі. Қазір жұмыстың 80 пайызы орындалған. Бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған нысан жылына 4 млн жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы. Заманауи технологиялық жабдықтарға толы әуежай жұмысын бастаса бұл көрсеткіш екі есеге дейін көбеймек. Сондай-ақ өзге де шетелдерге шығатын рейстер саны ұлғаяды. Алдағы уақытта отандық нарықта шетелдік әуекомпаниялардың жұмыс істеуі бек мүмкін.

Сондай-ақ жаңа нысанды Орталық Азияның карго хабына айналдыру жоспарланған. Бұл – тек жолаушыларға ғана қызмет көрсетіп қоймай, ұшақпен үлкен көлемдегі тауар тасымалы үшін де жағдай жаласады деген сөз.

Ұлағат Арғын, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда музейге келушілер саны екі есе артты

Новости партнеров