Екі қолға - бір күрек: Шығыс Қазақстан облысында маман тапшы

10.07.2024 19:29

Станса қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалады

Almaty TV

Шығыс Қазақстан облысында жылу электр стансаларында жұмыс істейтін маман жетіспейді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Өңір тұрғындарын тоқтаусыз жылумен қамтамасыз ету үшін тағы бір жылу электр орталығын тұрғызу көзделеді. Алайда онда жұмыс істейтін адам жоқ. Соның салдарынан басқа мамандықты тәмамдаған жастарды жұмысқа алуға тура келіп тұр.

Шығыс Қазақстан облысындағы жылу электр орталығында жұмыс істегісі келетіндердің саны жыл сайын азайып келеді. Техникалық оқу орындарында биыл 8-ақ түлек осы мамандық бойынша диплом алған екен. Ал Риддердегі жылу орталығында 80 адамға жұмыс орны бос тұр. Оның үстіне аталған өңірдегі жылу электр орталығының жөндеу жұмысы әлі аяқталмаған.

- Кадр мәселесі тек біздің өңірде ғана емес, бүкіл республика бойынша өзекті. Өткен жылмен салыстырғанда, биыл қызметкерлер саны өсті. Соның өзінде маман тапшылығы шешілмей келеді. Қазір мұнда 232 адам жұмыс істеп жатыр. Оның өзі аздық етеді, - дейді бас инженердің орынбасары Кирилл Голота.

Өңірді жылумен қамтамасыз ету үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен маман тартуға тура келеді. Мәселен, Әділет Тостықов мұнда Өскеменнен келген. Бүгінде білікті маманға айналған ол алғашында қатты қиналыпты.  

- Мен үшін маңызды шешім болды. Осында ауысып келетін кезде анама 2 ота жасалып, денсаулығы нашарлады. Жұбайымның аяғы ауыр еді, бірақ, үйдегілердің қолдауымен, ауысып келдім. Алдымда не күтіп тұрғанын білмедім. Тұрғын үй мәселесі де шешілмеген еді. Екі жыл бойы пәтер жалдауға тура келді, - дейді стансаның кезекші инженері Әділет Тостықов.  

Жылу электр орталығында жұмыс істейтін мамандар үшін биыл алғаш рет жеңілдетілген ипотека бағдарламасы іске қосылды. Жақында инженер қоныс тойын тойлайды. Осылайша өңірдегі билік білікті мамандарды ұстап қалудың амалын ойластырып жатқанға ұқсайды.

- Алдағы уақытта жаңа жылу электр орталығы салынады. Оған кем дегенде 500 адам жұмысқа тұрады деп жоспарлап отырмыз. Яғни, осынша маман тапшы деген сөз. Қазір Қазақстанның кез келген өңірінен маман тартып, оларға қолайлы жағдай жасауға тырысып жатырмыз. Жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама дәл осы жылу электр орталығында жұмыс істейтіндерге арналған, - деді облыстық энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Рамазанов.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда осы салада жұмыс істейтін 34 маманға жеңілдетілген несиемен пәтер алуға жолдама берілді. Мұндай бағдарламамен баспана алу үшін алғашқы жарна 5 пайыздан басталады. Сарапшылардың айтуынша, аталған жеңілдіктер маман тапшылығын шешу жолындағы алғашқы қадамдар ғана. Одан бөлек, «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы энергетика саласында еңбек ететін адамдардың айлығын көтеріп, жұмыс шарттарын оңтайландырады делініп отыр.

Өмір Серікбекұлы, Руслан Мухамедьяров, «Алматы» телеарнасы, Шығыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз: Жезқазғанда жаңа мұнай базасы салынады