Қызылорда облысында мемлекеттік тіл жанашырлары марапатталды

06.09.2024 19:29

Сыр елінде Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі аталып өтті

Стоп-кадр

Сан ұлтқа сая болған Сыр елінде Қазақстан халқының тілдері күні мерекесі аталып өтті. Іс-шаралар жоспарына сәйкес, апта бойы түрлі форматтағы жиындар ұйымдастырылып, «Тілі бірдің - тілегі бір» атты қорытынды кеште тіл жанашырларына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Елена Рыбина қаладағы зияткерлік мектептің баспасөз бөліміне жетекшілік етеді. Қаршадайынан қазақ тілін меңгерген ол қалалық телеарнада тележүргізуші болып еңбек жолын бастаған. «Тілге құрмет – елге де құрмет» дейді ол. Жұмыс барысында журналистерге алдымен қазақ тілінде ақпарат беруге асығады. Қорытынды іс-шарада құрмет төрінен көрінген қыз қазақ тілімен қатар ұлттық құндылықтарды ұлықтап, көпке үлгі болып жүр. 

«Бұл мереке кез-келген қазақстандық үшін ерекше деп санаймын. Бұл біздің қазақ тілін дамытуға үлес қосқан Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сәйкес келіп отыр.  Біздің Қазақстан - көпұлтты мемлекет. Қызылорданың өзінде 98 пайыз қазақ тұрады. Қалған өзге ұлт өкілдері де осы мемлекеттік тілді үйренуге, насихаттауға барынша атсалысып келеді», - деді тіл жанашыры Елена Рыбина. 

Тілдің мәртебесі қашан да биік. Себебі, тіл - қай ұлттың болмасын баға жетпес асыл мұрасы, басты құндылығы. Осы бір құндылықты құнттауда қызылордалық ғалымдар мен тіл жанашырларының еңбегі ерекше. Бүгінде мамандар өңірдегі қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірін қазақ тіліне аударып, әдістемелік құрал дайындаған. Осының нәтижесінде бұл олқылық едәуір қалыпқа келе бастады.

«Бұл еліміз бойынша алғаш Сыр елінен бастау алған қоғамдық тамақтану орындарындағы ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі лингвистикалық базасын қалыптастыру жобасы аясында жергілікті ғалымдар атқарған зор еңбектің нәтижесі. Әдістемелік құрал республика тарапынан оң бағаланып, өңірлерге таратылуда», - деді қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов.

Салтанатты іс-шарада қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтіп, мемлекеттік тіл саясатын жүргізуге айрықша атсалысып жүрген тіл жанашырлары облыстың, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен бірге мемлекеттік тілді насихаттаудағы жетістіктері үшін бірқатар ұжымға арнайы номинация табысталды.

А. Сәрсенұлы, Т. Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы