Рақымшылық қолдану алдында айыпты адам кінәсін де, келтірілген залалды да мойындауы керек
Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова қаңтар оқиғасы кезінде бизнеске шығын келтірген адамдардың залал орнын толтыруы міндетіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Рақымшылық бойынша босату – оңалту іс-шаралары үшін негіз болмайды. Бұл заң жобасында рақымшылықты қолдану залалдың бар-жоғына қарамастан қарастырылған. Бірақ, рақымшылықты іске асыру залал үшін жауапкершіліктен босатпайды. Тиісінше, жәбірленуші жақтың босатылған адамға залалды өтеу туралы талап қоюына ештеңе кедергі бола алмайды. Сонымен қатар, рақымшылық қолдану алдында айыпты адам кінәсін де, келтірілген залалды да мойындауы керек», - деді Гүлнар Бижанова Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың сауалына жауап бере отырып.
Ол ақпан айынан бастап мемлекет кәсіпкерлікке, шағын және орта бизнеске келтірілген шығынды өтеп жатқанын атап өтті. Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерді қарау аясында ірі кәсіпкерлік субъектілерінің қаңтар оқиғасында келтірілген залалды өтеуге жұмсайтын шығындарын екі жыл ішінде шегеріп тастау ұсынылып отыр.
«Атамекен» ҰКП мәліметінше, бизнеске келтірілген жалпы шығын 90 миллиард теңгеден асқан.
«Аймақтық комиссиялар шығынды өтеу туралы өтініштердің барлығын мақұлдады. Зиянды өтеу үш көзден, яғни Үкімет резервінен, жергілікті бюджет және жеке қор қаражаты есебінен жүзеге асырылады», - деді депутат.
Бұған дейін хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Дереккөз: ҚазАқпарат