Елімізде жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 7,5 мың әйел дағдарыс орталығына хабарласқан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елімізде әйелін таяқтың астына алып, бассыздыққа салынып баласын сабайтындар күн санап көбейіп барады. Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 7,5 мың әйел дағдарыс орталығынахаюарласып, аман қалыпты. ІІМ ақпарынша, соңғы 9 айда бұл бойынша полицияға 100 мың хабарлама келіп түскен екен.
Жәбірленуші арыз жазудан бас тартса, «тұрмыстық тирандарды» жауапқа тарта алмаймыз. Осылай деген ІІМ полицияға жыл басынан бері отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мың шағым түскенін айтты. Соның 60%-ына шара қолданылмапты, себебі үйінде қорлық көрген әйел құзырлы органдарға ресми арыз жазбаған.
«Шағым әртүрлі болады. Арыз жазу, қоңырау соғады. Бізге түскен мәлімет бойынша жаңағы 100 мың хабарлама түскен. 62 мыңы шағым жазудан бас тартып отыр. 32 000 шағым-арыз ресми түрде түсіп отыр. Ол мәліметті тек өзі ғана емес, көршісі, жақыны туысы бере алады», – деді ҚР ІІМ Марат Ахметжанов.
Министрдің мәліметінше, қазір отбасында зәбір көре тұра ұялып үнсіз жүретіндер көбейіпті. Жағымсыз жайттарды әрі қарай жасыра берудің арты өкінішке алып келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басым бөлігі Шымкент, Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды, Павлодар, Қостанай облыстарында жиі болады екен. Марат Ахметжанов енді үйінде жанжал шығарып, отбасының берекесін алатындарға жаңа жаза қарастырылып жатқанын жеткізді.
«Арыз-шағым түскен кезде дер кезінде барып шара қолдану. Екінші - қоғамдық жұмыс. Өйткені сезсін деп отырмыз. Жаңағы құқық бұзушылық жасаған азамат соны сезсін. Ертең осындай тағы да қайталатын болса, сонда қатаяды. Үшіншіден Қылмыстық кодекске бір қомақты өзгерістер енгізіп жатырмыз. Отбасындағы тұрмыстық қылмыстарды біз ауыр қылмыс санатына жатқызып жатырмыз», – деді ҚР ІІМ Марат Ахметжанов.
Бұдан бөлек, Үкімет отырысында елдің электр энергетика саласын дамыту мәселесі қаралды. Сала министрінің айтуынша, өңірлерде электр желілерінің 65% тозған. Жылу электр орталықтарындағы жабдықтар кей қалаларда тіпті 80% ескірген. Мәселені шешу үшін министрлік алдағы 3 жылда 48 жаңартылатын энергия нысанын салуды жоспарлап отыр.
«Энергетика министрлігі электр энергиясына деген ортамерзімді қажеттілікті жабу үшін генерация секторындағы бірқатар жобаларды пысықтап жатыр. Болжам бойынша 2035 жылға қарай Қазақстанға 10 ГВт-тан астам жаңа энергия қажет болады. Сондықтан электр станциялары мен қазандықтардың жабдығын жаңартып, желілерді қайта жөндеуге кіресеміз», – деді ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
Қазақстан қазір электр энергиясы тапшылығын көрші елдердің көмегімен шешіп отыр. Бұл бағытта Үкімет басшысы министрлікке нақты шараларды қолға алу қажеттігін айтты. Алғашқысы - «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, жыл соңына дейін энергияны тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз ету. Маусымдық кезеңдерде қажетті маневрлік қуаттарды ұлғайту жолдарын қарастыру.
Кәмшат Мұхамеджан, Ринат Өтеев, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы