Мемлекет жылу желілерін де, жылу электр орталығын да коммуналдық меншікке алмақ
Екібастұзда келесі қыста жылуға қатысты мәселе туындамайды. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бүгін Үкімет отырысында осындай уәде берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстандағы жылу электр орталықтарына жоспардан тыс тексеру жасалады. Егер меншік иесі энергия нысандарын күтіп ұстамай, биыл қыстағыдай жағдай қайталанса, мемлекет тартып алуға құқылы болмақ. Премьер-министр Әлихан Смайылов елдегі жылу электр орталықтарының иелеріне жауапкершілікті күшейту керегін айтты.
Биылғы қыс қазақстандықтар үшін ауыр болғаны рас. Әсіресе, Екібастұз бен Риддер қаласының азаматтары қатты қиналды. Жылу орталықтары бірінен соң бірі істен шығып, жүздеген үй жылусыз қалды. Осы қыста еліміз бойынша жылу желілерінің температурасы 403 рет төмендеген екен. Екібастұзда температура кестесі 94 рет орындалмаса, «Арселор Миттал Теміртауда» 70 жағдай болған екен. Энергетика министрлігі жұртты жылусыз қалдырғандарға қолданар жаза тым жеңіл деп отыр.
«Министрліктің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті технологиялық бұзушылыққа тергеу жүргізді. Әкімшілік жаза шығара отырып, «Екібастұзтеплоэнерго» мекемесіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Қолданыстағы айыппұл шаралары халыққа келтірілген залалмен салыстырғанда өте аз екендігін атап өту керек», – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Сонымен қатар, Алмасадам Сәтқалиев алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша арнайы жол картасын әзірлемекші. Ол министрліктің бақылауында болады. Сондай-ақ минисрт 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге сәтті дайындық үшін жөндеу жұмыстарын қажетті көлемде қаржыландыру керегін атап өтті. Қаржы демекші, алдағы қыста Екібастұзда жылумен проблема болмайды. Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бүгін Үкімет отырысында осындай уәде берді. Оның айтуынша, жылу орталықтарына ақша жоспарлы түрде бөлінеді. Бүгінде аудит жұмыстары аяқталған. Мемлекет жылу желілерін де, жылу электр орталықтарын да коммуналдық меншікке алмақшы.
«Коммуналдық меншікке тек 50 пайызын ғана аламыз. Яғни, ол тек жабдықтар ғана. Біз оларды жаңартамыз. Жұмыстардың барлығы бюджет қаражатынан жасалады. Жылу желілері де сондай тәсілмен жаңарады. Қалғандарын акционер өз ақшасына жасайды. Осылайша, алдағы қыста жылуға қатысты мәселе туындымайды», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр
Өз кезегінде Премьер-министр «жылу электр орталықтарының басшылығы мен иелерінің жауапкершілігі төмен» деп атап өтті. Меншік иелеріне мемлекеттік органдардың тісі батпайтынын сынға алды. Сондықтан тиісті деңгейде күтіп ұстамаған меншік иелерінен энергия нысандарын мемлекет балансына өткізу көзделіп отыр. Сонымен қатар, жоспардан тыс тексеру жүргізу құқығы да берілетін болды.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана