Қарғын су: Петропавлда дезинфекциялау жұмыстары қалай жүргізілуде

20.05.2024 19:31

Басты мақсаты – жұқпалы аурулардың тарап кетуіне жол бермеу

Almaty.tv

Петропавлда су басқан аудандардағы үйлер мен аулаларды дезинфекциялау жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар пайда болуы мүмкін жұқпалы аурулардың алдын алу үшін аумақтарды өңдеуге кіріскен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қаланың су басқан аудандарындағы аулалар мен көшелерді тазалау ай басында қолға алынған. Коммуналдық қызметкерлердің айтуынша, өңдеу 3 кезеңнен тұрады. Аймақтарда дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізіледі.

– Дезинфекция сөзсіз қажет. Көп нәрсе қалқып шығып жатыр. Кәріз суы, айналаның бәрі лас. Ылғалдың әсерінен көгеріп жатыр, – деді қала тұрғыны Надежда Ильеня.

– Бүгінде шағынауданда дезинфекциялық шаралар жүргізіліп жатыр. Қазір бизнес нысандарымен жұмыс істеп жатырмыз. Одан соң рет-ретімен дезинфекция, дератизация жоспарланған. Хабарласқан жергілікті тұрғындардың да үйін өңдеудеміз, – деді мердігер ұйымның директоры Алмат Сүлейменов.

Подгора шағынауданындағы өңдеу алаңы 20 гектардан асады. Залалсыздандырылып жатқан ғимараттардың ішінде тұрғын үйлер ғана емес, кәсіпкерлік нысандары да бар. Сонымен қатар хром зауыты аймағында 60 үй мен 20-ға жуық аула аумағы дезинфекцияланған. Кирпичный шағынауданы да түгел тазаланды.

– Бұл шаруаға 16 маман тартылып отыр. Өңдеу ауа райына байланысты аяқталады. Егер жауын жауып, жел болса, жұмысты кейінге шегеруге тура келеді. Су басқан аумақтарды 100 пайыз қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Нина Усенко.

Мамандардың айтуынша, дезинфекцияның басты мақсаты – жұқпалы аурулардың тарап кетуіне жол бермеу.

Айта кетейік, барлық өңдеу жұмысы тегін жүргізіледі.

Жансая Олжабек, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО

Оқи отырыңыз: Алматыдағы Терренкур қалай өзгереді