Төрт баласы бар жас отбасының ипотекасын мемлекет толық өтеуі керек. Бүгін Парламент сенатының отырысында Қазақстан жастар конгресінің басшысы осындай ұсыныс жасады. Жиында 30 жасқа толмағандарға қандай жағдай жасалу қажеттігі басты тақырып болды. Шараға қоғамдық бірлестіктің өкілдері мен сенаторлар қатысты. Ал жастарға баспана беру мәселесі қалай шешілмек? Қоғамдық даму министрлігі не әзірлеп отыр? Almaty.tv тілшісі толықтырады.
Үй алған жас отбасының бірінші баласы дүниеге келсе, ипотекасының 25 пайызын мемлекет өз мойнына алуы керек. Мұндай ұсынысты Сенаттың Жастар жылына арналған отырысында Қазақстан жастар конгресінің басшысы Тоқтар Болысов айтты. Егер бастама қолдау тапса, отбасындағы әрбір адам басына 18 шаршы метрден есептеген жөн дейді.
«Ипотекалық несие алған жас отбасында бір бала өмірге келсе, мемлекет оның 25 пайызын өтеуі керек. Екінші балалы болса, тағы 25 пайыз төленсе. Үшіншіде де солай. Отбасы төртінші нәрестені сүйгенде, ол көпбалалы саналып, мемлекет ипотеканы толық өз мойнына алып, өтеуін қарастыруы тиіс деп ойлаймын», – деді Қазақстан жастар конгресінің басшысы Тоқтар БОЛЫСОВ.
Жастар мәселесіне тікелей жауапты Қоғамдық даму министрлігі аталмыш санаттағылар баспана алу үшін бірқатар жұмыс атқарып жатқандарын айтты. Ведомство басшысы Дархан Қалетаевтың айтуынша еліміздің ірі қалалары: Алматы, Астана, Шымкентте 30-ға толмағандарға үй берілу жолы қарастырылуда. Бірақ үш қаланың жастарына қойылатын арнайы талап бар деді.
«Бірінші талап – үй 30 жасқа дейінгілерге беріледі. Себебі, заңнамаға сәйкес, жастар санаты 29 жасқа дейін белгіленген. Екінші талапқа тоқталсақ, жастар міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс. Ақпан айының соңына қарай Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе нақты нәтижені көрсетеміз», – деді ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан ҚАЛЕТАЕВ.
Дархан Қалетаев баспаналар 40-50 шаршы метр шамасында болады деді. Нарықта мұндай көлемдегі үйлер аз болғандықтан, әкімдіктерге жалпы талапқа сай келетін үйлерді сатып алу тапсырылған екен. Жиынға қатысқан Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген жастың жұмыссыз жүргені алаңдатады деді. Оның дерегінше 40 пайызында тұрақты нәпақа көзі жоқ.
«Әлемде жастардың 13 пайызы жұмыссыз жүр. Кейбір елдерде бұл көрсеткіш 40 пайызға жетеді. Демек, біздің ел осы мәселеде жағдайы өте жаман мемлекеттердің қатарында тұр. Қазіргі ұрпақты біз шағын және орта бизнеске баулуымыз керек. Бірақ өкініштісі сол, жастар арасында сауалнама алынып, 51 пайызы жеке ісін ешқашан бастамайтынын айтқан», – деді ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Сенат төрағасы жұмыссыз жастардың кәсіп бастауына мүмкіндік беріп, оларды бизнес жасауға үйрету қажет деді. Ол сондай-ақ мектептегі әлімжеттік, зорлық -зомбылыққа көз жұмып қарауға болмайтынын меңзеді. Төраға бұған құзырлы орган, оқу орны мен ата-ананың жауапты екенін еске салды.
Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана