Облыстық деңгейде өткен іс-шараға Еңбекшіқазақ, Іле және Ұйғыр ауданының жеке құрамы қатысты
Алматы облысында жанармай құю бекеті өртеніп, оқиға орнына қосымша күш ретінде аудандардан өрт сөндірушілер тартылды. Дәл осындай сценарийде өрбіген оқу-жаттығу кезінде өңірдегі Төтенше жағдайлар қызметінің дайындығы сыналды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тілсіз жаумен күресте қолданылатын арнайы техникалардың да сапасы тексеруден өтті. Алматы облысы
Дабыл соғылған сәтте жанармай құю бекетінің қызметкерлері бірден эвакуациялау жоспарына кірісті. Шыққан өрттің аумаққа таралуын болдырмау мақсатында олар оқиға орнынан көгілдір отын толы көліктерді алып кетіп, Төтенше жағдайлар қызметіне хабар берді.
Тиісті жерге дереу жеткен өрт сөндірушілер жанармай құю бекетін қоршап, іске кірісті. Апатты аумаққа арнайы киіммен келген қызметкерлер ғана жақындап, қызыл жалынды сөндіре бастады. Айта кетсек, мұның бәрі төтеншеліктердің дайындығын сынау мақсатында жасалған сценарий болатын. Оқу-жаттығу кезінде биік ғимарат өртенген жағдайда қолданылатын арнайы техника да тексерілді.
«Оқу-жаттығу тиісті деңгейде өтті. Әрине, ескертулер де бар. Тексере келе анықталған кем-кетіктерді түзеу жұмыстары жалғаса береді. Айта кетсем, мұндай іс-шара бұған дейін де, тоқсан сайын, тіпті ай сайын өткізіліп келді. Жыл соңына дейін осындай оқу-жаттығудың тағы төртеуін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», – деді ТЖД бастығының орынбасары Александр Рау.
Облыстық деңгейде өткен іс-шараға Еңбекшіқазақ, Іле және Ұйғыр ауданының жеке құрамы мен мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің мамандары да қатысты.
Оразай Нұртай, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы