Арысты жөндеуге 1500-ден астам құрылысшы жұмылдырылды

27.06.2019 19:32

Қала 17 секторға бөлініп, әр секторға 17 аудан-қала әкімі бекітілді

Арыс қаласындағы жағдай облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің жіті назарында. Өңір басшысы  шаһар шартты түрде 17 секторға бөлінетінін мәлімдеді. Яғни, әр секторға 17 аудан-қала әкімі бекітілді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Олардың әрқайсысының жанында 40 жауапты қызметкерден болады. Сол жауаптылар аптаның соңында тұрғындар қалаға кіргенде үйлеріне орналастырады.  Сонымен қатар, олар әр баспананың қалай зақымданғанын фото-видеоға түсіріп, акті жасаумен айналысады.

«17 сектор 17 облыс әкімдіктеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге бөліп берілді. Әрбір облыстан 10 бригададан, жалпы саны 1500-ден астам құрылысшы келіп, жөндеуді бастайды. Облыс өкілдері бекітілген секторларды аралап, тиісті жұмыстарға кірісті», – деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы.

Ал қорғаныс саласының мамандарына берілген міндет бойынша қаланы сенбіге дейін жарылғыш оқ-дәрілерден толықтай тазартып шығуы керек.