Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Bek Air әуе компаниясынан билет сатып алған қазақстандықтарға кеңес берді
Bek Air жолаушылары 10 қаңтарға дейін билеттерін кері қайтара алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
27 желтоқсан күні таңертең Алматы маңында Bek Air-ге тиесілі "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты әуе компаниясының жұмысы тоқтатылды. Салдарынан 27-31 желтоқсан аралығында 100-ден астам рейс ұшпайтын болды.
Бұл рейстерге 9 157 билет сатылған. Оның 8187-сі ересектерге, 765-і балаларға тиесілі.
"Қазіргі таңда әуе компаниясы сатылған барлық әуе билетінің құнын толық өтеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін жоспарланған рейстерге қатысты. 2020 жылдың 3-10 қаңтарына дейінгі аралықта Bek Air тасымалдауы қажет жолаушылардың саны – 9 758. 1-2 қаңтарда компания ұшуды жоспарламаған. Олар 31 желтоқсанға дейін мұндай шешімді алдын ала қабылдаған. Бүгін біз оларға 10 қаңтарға дейін билеттерді қайтарып алу туралы тапсырма бердік", - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жұмысын тоқтатқан рейс жолаушыларына басқа әуе компанияларымен ұшуға мүмкіндік беру мәселесі қаралып жатыр. Қайғылы жағдайға байланысты әуе билеттерінің бағасы көтерілмейді.
"Тариф бағасын көтеру туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Жай күндермен салыстырсақ, Жаңа жыл қарсаңында әуе билеттерінің бағасы жоғары болатыны белгілі", - дейді вице-министр.
Bek Air әуе компаниясынан билет сатып алған қазақстандықтар Air Astana және Qazaq Air-де бос орындар болса, осы әуе компанияларының көмегіне жүгіне алады. Әуе билетін компания кассасын алу қажет.
SCAT әуе компаниясы Bek Air жолаушыларын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін бос орындар болса ғана қабылдай алады.
Әуе апатынан зардап шеккен жолаушылардың жақындары тегін ұша алады.
Қайғылы оқиға 27 желтоқсан күні таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Талғар ауданында құлады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, апат 12 адамның өмірін қиды. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
Президентің тапсырмасымен Премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Қауіпсіздік ережелерін бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тоқаев 28 желтоқсанды жалпыұлттық аза тұту күні ретінде жариялады.