Шымкент қаласында Елбасымен аттас азамат тұрады. Аты — Нұрсұлтан. Тегі — Назарбаев. Яғни, Нұрсұлтан Назарбаев. «НазМед» медицина орталығында бас дәрігер болып қызмет атқаратын ол, Елбасымен аттас болу үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін айттады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Бұл есімді иелену мен үшін үлкен абырой, мақтаныш әрі үлкен жауапкершілік. Ең бастысы, Елбасының атына кір келтірмеуім керек. Мектепте жақсы оқыдым. Жоғары оқу орнын да үздік бітірдім. Әрдайым Елбасындай көшбасшы болуға ұмтылдым», – дейді ол.
Нұрсұлтан Нәліханұлы 1989 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген. Атасы Назарбай сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарып жүрген Н.Ә.Назарбаевтың жолын берсін деген ниетпен есімін Нұрсұлтан қойыпты. Себебі сол кездегі қазақ жастарының арасынан шыққан көшбасшыға деген отбасының құрметі жоғары болған.
«Біз үйде бір қыз, екі ұлмыз. Үлкеніміз — Гүлжанат. Ал менен кейінгі інімнің есімі Нұрислам. Ол дүниеге келген кезде Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы достық беки түскен болатын. Сондықтан атам екі ел Президенттерінің есімдеріндегі «Нұр» және «Ислам» сөздерін алып, «Нұрислам» деп атады», – дейді ол.
30 жастан енді асқан Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен жандар есімін естіген кезде таң қалысады екен. Алғашқыда сенбейтіндер куәлігін көрген соң суретке түсіп, сельфи жасайды.
«Алдыма келген пациенттер бейджигімде жазылған есімімді көріп, сенбей қайта сұрап жатады. Іссапармен жүріп, кей мекемеге тіркелмекші болып, құжатымды ұсынған кезде де бетіме таңданып қарайтындар көп. Бірде жол патрульдік полиция қызметкері тоқтатты. Шені аға лейтенат екен. Құжаттарымды көрісімен капитанын шақырып, есімім жазылған құжаттарды көрсетті. Екеуі де күліп қарап, сәттілік тіледі», - дейді Нұрсұлтан.
Жалпы, шымкенттік Назарбаевтар отбасын көпшілік дәрігерлер династиясы деп біледі. Әкесі мен әпкесі ақ халат киіп, халыққа қызмет етіп жүр. Ал Нұрсұлтанның өзі бүгінде ғылым жолын ұстанған. Магистрлікті тәмамдап, докторлықты оқып жатыр. Әрі кәсіби маман. Білікті басшы. Жоғары дәрежелі хирург.
«Адамда арман көп қой. Менің бір арманым — Елбасымен кездессем», – дейді ол.