Елімізде митингі мен шеру ұйымдастыру тәртібі белгіленді. Енді ел азаматтары петицияны арнайы интернет портал арқылы бере алады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын таныстырды. Маңызды құжатта көрсетілгендей, уәкілетті органның петицияны қарауы үшін оны қолдайтын дауыстардың өз тәртіп-талабы сақталуы шарт. Мәселен аудандық деңгейде халық саны 50 мыңнан асатын болса, 2,5 мың дауыс, қалғандары үшін тұрғындардың кемінде 5 пайызы қолдау білдіруі керек. Ал республикалық деңгейде кемінде 50 мың дауыс жеткілікті. Министрдің айтуынша, өтініш-талаптарды қарау кезінде мемлекеттік орган петиция авторын хабардар ете отырып, шешімнің жобасын жария талқылауды ұйымдастырады.
«Бұл жерде объектінің де, субъектінің де құқығы аяққа тапталмауы керек. Бұл бір жағы мәдениеттілікті, жауапкершілікті жүктейді. Ешқандай мәселеде шектеу қойылмайды. Кез келген тақырыпта бақылау орната алады. Ешқандай қудалауға түспейді. Біріншіден азаматтардың дерегіне кепілдік беріледі, сақталады», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Министрдің ақпарына сенсек, петицияға қол қойған қазақстандықтар қудаланбайды. Олардың ақпараттық деректері жария етілмейді, қауіпсіздігіне нұқсан келмейді деп сендірді Дархан Қыдырәлі. Бұл ретте мәжілісмендерді ауылдағы ағайынның жағдайы алаңдатты. Депутат Ерлан Сайыров интернеті жоқ иендегі елдімекен жұрты онлайн петицияны қалай қолданбақ деп алаңдаушылық білдірді.
«Қазақстан халқының 42 пайызы ауылда тұрады. Ауылда интернет бүгінгі таңда жоқ. Акимат пен мектепте ғана бар. Алыс ауылдарда мүлдем атымен жоқ. Онда бұл жерде онлайн петицияға өзгеріс енгізілмесе, халықтың 40 пайызынан артығы цифрлық әділетсіздікке келіп тіреледі», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.
Жұмысшыларға да бір сағаттық ескерту ереуілдерін ұйымдастыруға рұқсат беріледі. Олардың талап – тілегін бүкпесіз жеткізіп, байланыс орнатуы үшін жұмыс беруші жиын өткізуге арнайы бөлме беруге міндеттелмек. Заң жобасында петиция берілмейтін тақырыптар да бар. Ол мемлекеттің тәуелсіздігі, ұлттық қауіпсіздік, сот төрелігі сынды сұрақтар бойынша өтініш-талап қарастырылмайды.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы