Халықаралық іздеуде болған Киреев, Кунгуратов, Жарқынбеков пен Мақажанов құқық қорғау органдарына өз еркімен келген
Шетелде моральдық-психологиялық проблемаға тап болып, елге өз еркімен келуге келісетін жемқорлар көбейген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Халықаралық іздеуде жүрген қашқындардың жақын туыстарымен және достарымен әңгімелесу тәсілі өз тиімділігін көрсеткен. Ондайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер өз еркімен берілген адамның жазасы қалай өзгеретінін жан-жақты түсіндіреді.
"Мәселен, ата-анасымен және адвокатымен сөйлескеннен кейін білім және ғылым вице-министрі Шаяхметовтің ісі бойынша бес жыл бойы іздеуде болған Киреев өз еркімен агенттікке келді. Ол Ресейде жасырынып жүрді", - делінген хабарламада.
Тура сондай әңгімеден кейін Түркістан облысындағы "Қазығұрт" кеден бекетінде сыбайлас жемқорлық жасаған Кунгуратов, Жарқынбеков пен Мақажанов Шымкент қалалық департаментіне келген.
Қашқын жемқорлардың қатардағы ұры-қарылардан басты айырмашылығы сол, олар ауқымды іскерлік байланыстар мен қомақты қаржының арқасында қашудың жоспарын бүге-шігесіне дейін ойластырып, артынан соны ойдағыдай іске асырып жатады. Алайда шетелге барғаннан кейін моральдық-психологиялық проблемаларға тап болады екен.
"Қашқын қылмыскерлердің ақшасы тез бітеді. Оған қоса, жақын туыстарымен араласудан қалады, туған жерін сағынады. Қорқыныш маниясы пайда болады. Тіпті, өз-өзіне қол салу паранойясы сияқты моральдық-психологиялық проблемаларға да тап болады", - деп түйіндеді мамандар.