Президент су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге 5 ай уақыт беріп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
- Жаз бен күз айларында құрылыс жұмыстары мен инфрақұрылым толық аяқталуы керек, - деді мемлекет басшысы.
Осы жолғы Қазақстан халқы ассамблеясының 33-інші сессиясы онлайн өтті. 100-ден аса этностан құралған ұйым мүшелері елдің түпкір-түпкірінен байланысқа шығып, жиынға қатысты. Алғаш болып сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі су тасқыны кезінде жұдырықтай жұмылған қазақстандықтарға алғыс айтты. Табиғат апатынан зардап шеккен өңірлерге қол ұшын созған ассамблея мүшелерінің еңбегін де жоғары бағалады. Әр қиындықтың артында қайыр бар деген мемлекет басшысы бұдан сабақ алу керектігін алға тартты.
- Тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар тың жерге қоныстанып, жаңадан бой көтереді. Жол салынады. Су тартылады. Ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болады. Жалпы әлемдегі үлкен дағдарыстардың қарқынды дамуға жол ашатыны белгілі, - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ассамблеяның маңыздылығына тоқталды. Оның жасанды ұйым емес екенін еске салған Президент, бұл конституциялық мәртебесі маңызды қоғамдық орган деді. Ұйым мүшелері елде орын алуы ықтимал этносаралық қақтығыстардың алдын алып, шиеленістерді болдырмауға септігін тигізуі қажет екенін атап өтті.
- Ассамблеяның институционалдық әлеуетін нығайту қажет. Оның мемлекеттік органдармен, Парламентпен және мәслихаттармен қарым-қатынасын жақсарта түсу керек. Соңғы жылдары Ассамблеяның қызметі айтарлықтай өзгерді. Бұл құрылым қоғамдағы аса маңызды институтқа және этномәдени бірлестіктердің бас штабына айналды, - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар бүгінгі кездесуде Президент қоғамдық алауыздық тудыратын кез келген әрекетке тосқауыл қойылатынын жеткізді. Осылайша, Қасым-Жомарт Тоқаев ел арасында дүрбелең туғызатын кейбір бұқаралық ақпарат құралдары мен өздерін блогер санайтын адамдарға жаза қолданылатынын ескертті. Бұдан бөлек, қазақ тілінің қолдану аясы турасында да сөз қозғалды. Мемлекет басшысы уақыт өте келе қазақ тілі этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенім білдірді. Айта кетейін, «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» деп аталатын Қазақстан халқы ассамблеясының 33-інші сессиясында Президенттен бөлек, ұйым мүшелері де баяндама оқыды.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, "Алматы" телеарнасы, Астана.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов Атырауға әскери қызметшілер мен техниканы жедел жеткізуді тапсырды