Жамбыл облысынан Алматыға есірткі тасымалдаушылардың жолы кесілді. Ұстау операциясы кезінде 12 келі гашиш тәркіленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұған дейін есірткімен күрес басқармасының қызметкерлері Алматыда есірткі сақтайды деген күдікке ілінген азаматты бақылауына алған болатын. 2 апта бойы жүргізілген жедел іс қимыл әрекеттен кейін оған Жамбыл облысы Шу қаласынан жеткізіп отырған күдікті де анықталды. Бүгінде қылмысқа қатысы барлардың барлығы тергеу изоляторына қамалды. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалмақ.
Одан өзге, Ақтау тұрғынынан 200 литр бөшкеге салынған марихуана тәркіленді. Есірткі полициясы «Көкнәр-2019» республикалық операциясы аясында жүзеге асырылған жедел-іздестіру шараларын аяқтауда. Еліміздің көптеген аумақтарында Шу алқабынан марихуана тасымалдаған азаматтар ұсталды. Маңғыстау облысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері марихуананы сақтау үшін индустриялық аймақта боксты жалға алған Тараз қаласының тұрғынын да анықтады.