Акцияның мақсаты – қала көшелеріндегі есірткі жарнамасының санын азайту
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы ғимараттардың қасбеттері мен инфрақұрылым нысандарында есірткі заттарының жарнамасын бояу бойынша акция өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv
Қазақстан жастар Конгресінде «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қоры синтетикалық есірткілерді жарнамалайтын жазуларды бояу бойынша рейд өткізді. Осылайша, есірткінің таралуына қарсы күрес бойынша акция басталды, оған кез келген азамат телеграмдағы Еsirtkisiz арнасына өту арқылы қосыла алады.
Негізінен есірткі сатушылар үйлердің қабырғаларын есірткіні жарнамалау үшін билборд ретінде пайдаланады. Оның мақсатты аудиториясы – жастарға бағытталғандығы ерекше алаңдаушылық тудырады. Акцияның мақсаты – қала көшелеріндегі есірткі жарнамасының санын азайту.
«Есірткінің, әсіресе синтетикалық есірткінің проблемасы соншалықты үлкен болғандықтан, оған көз жұма қарау мүмкін емес. Біз еліміздің әрбір тұрғынын қырағы болуға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырамыз. Есірткімен бірге күресейік!» – дейді «Есірткісіз болашақ» КҚ атқарушы директоры Жандос Ақтаев.
Аталған іс-шараға қордың волонтерлері, «Астана Жастары» КММ волонтерлері және Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері тартылды.
«Егер сіз ғимараттардың қасбеттерінде немесе желіде есірткі жарнамасын байқасаңыз, Instagram немесе Telegram – дағы @esirtkisiz аккаунттарына жүгіне аласыз, олар арқылы осы мәселе туралы жасырын түрде хабарлауға болады»,– деді ұйымдастырушылар.