2012 жылы Ресей азаматтығын алған қазақ ғарышкері Мұхтар Аймаханов жақын арада ғарышқа ұшуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.
Мұхтар Аймаханов — 1967 жылы 1 қаңтарда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданына қарасты Жосалы кентінде дүниеге келген. 2003 жылдан бастап, 2009 жылға дейін Ресейдегі Гагарин атындағы ғарышкерлер даярлау орталығында оқу-жаттығудан өткен. 2005 жылы ғарышкер-сынақшы дәрежесін алған.
Сол кезде Қазақстаннан Ресейге оқуға барған 200 адамның ішінен Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов іріктелініп алынды. Тіпті, 2009 жылы екі қазақ жігіті ғарышқа ұшуы тиіс еді. Айдын Айымбетов пен Мұхтар Аймаханов екеуінің ғарышқа ұшуы туралы көп айтылған. Бірақ аяқ астынан Қазақстанның ғарыш бағдарламасы жабылып, дайындықтан өткен қос ғарышкер далада қалады.
"2008 жылы Дмитрий Медведеев Ресей президенті болып сайланды. Ол алғашқы іс-сапарын Қазақстаннан бастады. Нұрсұлтан Назарбаев сол кездесуде екі қазақ жігіті 2009 жылы ұшады деп келіскен. Бірақ дәл сол тұста әлемдік дағдарыс басталып кетті",— дейді Мұхтар Аймханов.
Сөйтіп, Айымбетов екеуі ғарышқа ұша алмай қалады. Мұхтар Аймаханов Елбасыға сол тұста хат та жазыпты. Қазақстан арқылы ғарышқа ұша алмайтынын түсінген соң, Ресей азаматтығын алған.
"Қазақстан бюджеті маған қаржы бөле алмайтынын түсіндім. Сөйтіп, 2012 жылы Ресей азаматтығын алдым. Бұл қиын шешім болды. Бізді ғарышқа дайындаған 100-ден адамның еңбегі далаға кетпегенін қаладым. Сосын Ресей ғарыш тобына қосылдым",— дейді ғарышкер-сынақшы.
Қазір ол жақын арада ғарышқа ұшып қалуы мүмкін екенін айтты. Егер осы жоспары жүзеге асып жатса, елге ораламын деп отыр.
"Негізі ойым ауылға қайту ғой. Осы жердегі миссиямды бітірген соң, елге оралу. Қазақ өзі көп емес. Бірақ біріксек, біраз жерге бара аламыз. Оңтүстік Кореядан да кем емеспіз. Мүмкіндігіміз мол. Сондықтан елге оралып, Қазақстандағы ғарыш саласын көтеру",— дейді Мұхтар Аймаханов.