Бақылау барысында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің ұсыныстарының сақталуы тексерілді
Қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров төрағалық ететін коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі өңірлік штаб Алматының халықаралық әуежайына келетін барлық халықаралық рейстерге, әсіресе қауіпті аймақтардан келушілерге жүргізілетін күшейтілген санитарлық-карантиндік бақылау жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз-қызметіне сілтеме жасап.
Бақылау барысында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің ұсыныстарының сақталуы тексерілді. Сонымен қатар, көші-қон полициясы, әуежай қызметкерлері және келушілермен қарым-қатынаста болатын өзге де адамдардың бетперде тағу режимі қаншалықты қолданылатынына талдау жүргізілді.
Сондай-ақ, залалсыздандыру ерітінділерін қолдану және қажетті мөлшермен қамту мәселелері, қоғамдық қолданыстағы орындардың санитарлық жағдайы бақыланды. Елдік үйлестіру комитетінің қызметкерлерін жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Әуежай аумағында орналасқан қоғамдық тамақтану орындары және сауда нысандарының қызметіне санитарлық-карантиндік бақылау мақсатында тексеру жүргізілді. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысын орындау үшін мониторинг барысында анықталған бұзушылықтар бойынша орындау мерзімі көрсетілген қаулылар мен ескерту хаттар әзірленіп, берілді.
Отырыс қорытындысы бойынша өңірлік штаб коронавирустың таралуына жол бермеу іс-шараларының өткізілуі барысына мониторингті күн сайын әрі тұрақты негізде жүзеге асыру туралы шешім қабылдады.
Жалпы бүгінгі күні мегополисте жағдай бақылауда, коронавирустық инфекция жағдайы тіркелген жоқ. Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі барлық арнайы ведомстволар және санитарлық күзет қызметкерлері дайындықтан өткен. Төтенше жағдайдың түрлі деңгейіндегі санитарлық-карантиндік бақылау ережелерін ұстанады.