Сенаторлар Үкіметке зейнетақы жинағына қатысты талап қойды

09.12.2021 20:27

Биыл Қазақстандағы инфляция деңгейі 8,5 пайызға жеткен

Tengrinews.kz

Сенаттың бүгінгі отырысында депутат Нұрлан Қылышбаев зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың шекті мөлшерін ең төменгі жалақымен емес, инфляция деңгейімен есептеуді талап етті. Биыл Қазақстандағы инфляция деңгейі 8,5 пайызға жеткен. Бірақ келесі жылы Үкімет оны 6 пайызға төмендетуді көздейді. Ал үш жылдың ішінде 4 пайызға дейін түседі деген болжам да бар. Сондықтан депутат зейнатақының жеткілікті шегін есептеуді өзгертуді сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сенат депутаты Нұрлан Қылышбаев зейнетақы жинағының жеткілікті шегін есептеу әдістемесін Үкімет әзірлегенін айтып, премьер-министрге депутаттық сауал жолдады. Ол шекті мөлшерді ең төменгі жалақымен емес, инфляция деңгейімен есептеуді ұсынды. 

«Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалана алатын адамдар күрт төмендейді. 2021 жылы олардың саны 700 мыңнан артық болса, келесі жылы шекті мөлшердің өзгеруіне байланысты айтарлықтай азаяды. Сонда жасы үлкендер үшін жектілікті шектің көлемі 60 пайызға, ал жастар үшін 80 пайызға дейін көтеріледі. Мұндай жағдай осы бағдарламаға деген халықтың сенімін төмендетеді», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Қылышбаев.

Ал журналистердің сұрағына жауап берген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов шекті мөлшер ең төменгі жалақыға негізделгенін айтып өтті. Ең төменгі жалақы өскен соң, зейнетақының жеткілікті шегі де көтерілді дейді. Ал елімізде ең төменгі айлық шамамен 41%-ға артқан екен.

Сенат депутаттары сондай-ақ сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы конституциялық заңға өзгеріс енгізуді көздейтін заңды қабылдады. Оның негізгі мақсаты – судьялардың кәсіби дайындығын шыңдау, сот жүйесіне білікті маман тарту.

«Осы заң жобасына енгізілетін түзетулер судьялардың кәсіби білімі мен іскерлігінің деңгейін арттыруға және судьялар корпусының сапалық құрамын жақсартуға, сот жүйесінің қаржылық тәуелсіздігін және ақша қаражатын бөлу мәселелерін шешуде судьялардың өзін-өзі басқару органдарының дербестігін нығайтуға мүмкіндік береді», – деді ҚР Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Қанатбек Сафинов.

Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сот жүйесін жетілдіру мен дауларды соттан тыс реттеуге қатысты қабылданған заңдар сот жүйесінің тәуелсіздігін арттырады деді.

«Судья лауазымына үміткерлерді іріктеу жүйесін және судьяларды конкурстық іріктеу тетіктерін жетілдіреді. Жаңа нормалар сот жүйесінде заманауи технологияларды кеңінен пайдалануға да мүмкіндік береді», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев. 

Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы заңды қабылдаудағы тағы бір меже – оны қаржыландырудың жаңа моделін белгілеу.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы