Шымкентте үйінің ауласында героин сатқан тұрғын ұсталды

19.06.2019 19:55

Осы жерден электрондық таразы да табылды

otyrar.kz

Шымкентте полиция үйінің ауласында героин сатқан тұрғынды ұстады, деп хабарлайды қалалық ПД баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі сатушы қала маңындағы елдімекендердің бірінде қолға түскен. Есірткі саудагерінің ізіне түскен тәртіп сақшылары оның үйіндегі жасырын орындарды тінту кезінде мөлшері бойынша өлшеп, оралған және сатуға дайын жалпы салмағы 100 грамнан асатын героин тәркіледі.

Осы жерден электрондық таразы да табылды.

«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі «Аса ірі мөлшердегі есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу»  бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша күдіктінің мүлкi тәркiленiп, 10 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруды көздейді», - делінген хабарламада.